Шілденің 21 мен 28 аралығында өткен Мадрид халықаралық кинофестиваліне қатысқан Эл Фриман көркем фильмі Үздік режиссер-дебютант аталымында жеңіске жетті. Сонымен қатар, аталған картина Көркем фильмдегі үздік операторлық жұмыс номинациясы бойынша да бақ сынады. Фильмді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы Қазақфильм киностудиясы түсірген. Картинаның режиссері Елжас Рақымбеков әр түрлі елден қатысып отырған 14 бәсекелесті, оның ішінде #TAKEMEANYWHERE фильмімен аталмыш номинациядан үмітті болған танымал голливудтық актер Шайа ЛаБафты да озып шыққан. Рақымбековтың дебюттік картинасы (шығармашылық лақап аты Михар Сажле) Лос-Анджелесте америкалық билік өкілдерінен жасырынып жүрген иммигранттың басынан кешкендерін баяндайды. Фестивальдің лауреаты Елжас Рақымбеков: Біріншіден алғысымды туған-туыстарыма, жақындарыма және бізге соңына дейін сенім артып, қолдау білдіргендерге айтамын. Сондай-ақ, фильмді жасауға атсалысқандарға да рахмет деймін. Бұл тек бастамасы ғана, - деп толғаныспен ойын жеткізді. Елжас Рақымбеков АҚШ-та кино саласында білім алған қазақстандық актер, сценарист және режиссер. New York Film Академиясының және Иван Чаббак актерлер мектебінің түлегі. Либертус кинолабораториясының негізін қалаушы (2014, Невада, АҚШ). Халықаралық Еуразия-2015 кинофестивалінің Work-in-progress номинациясы жеңімпазы (Эль Фриман көркем фильмі, Алматы, Қазақстан); Қазақстан киносыншылары қауымдастығы шешімімен Екінші пландағы үздік ер адам рөлі номинациясына үміткер болған (Арман, 2017, реж. Рашид Сүлейменов).Отыздан астам түрлі халықаралық кино және музыкалық жобаларға қатысқан. Film Fest International халықаралық тобына жататын Мадрид кинофестивалі форматы бойынша Лондон, Амстердам, Ницце, Берлин және Миландағы фестивальдарға ұқсас. Кинематографияның барлық белгілі жанрларына есігі ашық бұл фестивальда жас буын режиссерлерге, заманауи тенденциялар мен кино саласының дамуына ықпал жасайтын трендтерге аса көңіл бөлінеді.