Жапонияда дыбыстаушы актерді «Сэйю» деп атайды. Олар әдетте аниме, видео-ойын, фильмдегі рөлдерді дыбыстайды.
Жапонияда сэйюлерді оқытатын арнайы оқу орны бар екен. 1980 жылдардан бастап, аниме туралы жазып жүрген жапондық басылымдар сэйю мамандығына да аса мән бере бастады. Ал батыстық басылымдар бұл мамандыққа 1990 жылдардан бастап көңіл бөлді. Сэйю индустриясының пайда болуы "Super Dimensional Fortress Macross” телесериалындағы басты рөлді дыбыстаған Мари Иидзима атымен байланысты.
Басқа елдерде анимациялық фильмдерді дыбыстау үшін театр және кино актерлері шақырылса, Жапонияда дыбыстаумен арнайы мамандар айналысады.
Сэйю дайындайтын курстарға конкурс арқылы ғана түсуге болады. Ондай курстарда болашақ сэйюлерді кейіпкердің жас мөлшері, жынысы, көңіл-күйіне қарай дауыспен жұмыс істеуді үйретеді. Сонымен қатар, студенттерді ән айтуға да үйретеді екен. Демек, оқу бағдарламасына актерлік және вокал шеберлігі кіреді.
Жапондық киноиндустрияда көбінде сэйюлер әйел адам болып келеді. Себебі, олар тек әйелдердің рөлін емес, балалардың, кейде бозбалалардың рөлін дыбыстай алады.
Сэйюлердің көбі аниме дыбыстаудан бөлек, радиоспектакльдерде ойнап, телевизиялық және радио бағдарламаларын жүргізіп, фильмдерді де дыбыстаумен айналысады.
Кейде сэйюлер анимелердің әуендерін де өздері айтады. Сериал дыбыстау кезінде сэйю-юнит атты поп-топтары да құрылуы жиі кездеседі. Мысал ретінде, «Ранма ½» сериалын дыбыстаған актрисалары кіретін «DoCo» тобын атауға болады.
Дыбыстаушы мамандығына жапондықтар секілді аса мән беретін басқа ел бар ма?
Сурет: anige-sokuhouvip.com, interestsoap.wordpress.com
Оқи отырыңыз:
Шын мәнінде киноны қалай түсіреді?
Жапондар DreamWorks Animation киностудиясын сатып алмақ
Қазақ тіліндегі "Галактика сақшылары" фильмін кімдер дыбыстады? (Видео)