- Негізгі бет
- Кино
- Дуэйн Джонсон АҚШ...
Дуэйн Джонсон АҚШ президенттігіне үміткерлер арасында үшінші орынға шықты
Голливудтың әйгілі актері Дуэйн Джонсон АҚШ президенттігіне үміткерлер арасында үшінші орынға шықты. Актер бұл тұрғыда зор сенімге ие, дегенмен ол АҚШ президенттігіне кандидатурасын ұсынбаған.
Джонсонның рейтингі өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында АҚШ-тағы наразылық акцияларын қолдағаннан кейін көтерілген.
Ол англиялық букмекер кеңселерінде АҚШ президенттігіне үміткерлер рейтингінде АҚШ-тың қазіргі президенті Дональд Трамп пен Джо Байденнен кейін үшінші орында келеді.
"Біздің мемлекет тізе бүгіп, жалбарынып, ашуланып, азап шегіп жатқанда оны тыңдағысы келетін біздің көшбасшы қайда? "Тұр, мен сенімен біргемін. Мен сені тыңдап тұрмын, мен сенің қасыңдамын дейтін ел басшысы қайда?!", - дейді актер үндеуінде.
Актер халықтың күйзелісі тоқтап, елдің өзгергенін қалайтынын айтқан.
"Біздің жанашыр лидеріміз қайда? Ең ауыр, біз оған мұқтаж болған уақытта, мемлекетімізді біріктіретін көшбасшы. Еліміздің бүкіл жауапкершілігін мойнына алатын және ондағы барлық түстерді қабылдайтын көшбасшы. Елді аяққа тұрғызып: "саған уәде беремін, біз біргеміз, өзгеріс әлі болады" дейтін көшбасшы. Сіз қайдасыз? Біз осындамыз. Мүмкін мұндай көшбасшылық бір кезде пайда болады. Қалай болғанда да, өзгерту процесі басталды", - дейді ол.
Актердің үндеуі төрт күнде 14 миллион көрілім жинаған.
Дуэйн Джонсон саясатқа араласпайды, бірақ үнемі АҚШ үкіметін сынап, өзекті мәселелерге қатысты пікірін білдіріп келеді. Актер 2018 жылы Rolling Stone-ға берген сұхбатында болашақта мансабын саясатта жалғастыратынын айтқан.