Қазақстанда Тимур Бекмамбетовтың "Базелевс" киностудиясы түсірген "Достықтан шығарып тастау" (Unfriended) фильмінің прокаты басталды.
Жастардың көбі уақытын интернетте өткізетіні белгілі. Тіпті, кейде олар сол әлемге көшіп кеткендей әсер қалдырады. Сондықтан шығар, режиссер Леван Габриадзенің бұл туындысы жастардың көңілінен шығатын секілді.
Фильм уақытының көбін интернетте өткізетін мектеп оқушылары туралы. Кинодағы барлық оқиғалар компьютер экранында өрбиді. Оқиға желісі бойынша, достар кешке қарай әңгіме-дүкен құру үшін "Скайпқа" кіреді. Кенет желіде Billy227 атты қолданушы пайда болады. Басында бұл сервистің қателігі секілді көрінгенмен, кейін оның ешқандай да техникалық ақау емес екені белгілі болады. Бұл қолданушы олардың бірге оқыған Лаура Барн есімді сыныптасы болып шығады. Ол тура бір жыл бұрын өз-өзіне қол салып, қайтыс болған еді. Оның бұлай етуіне себеп болған интернетте оның ыңғайсыз күйде түскен видеосының тарап кеткендігі-тін.
Жастар бәрін тастап желіден шығып кеткісі келгенімен, бұл олар ойлағандай оңай болмай шығады.
Фильмнің орыс тіліндегі трейлері
Фильм Америкада көктемде көрсетіліп, 32 миллион доллар тапқан. Айта кетейік, фильмді түсіруге бар-жоғы 1 миллион доллар жұмсалған екен. Сценарий авторы – Нельсон Гривз. Басты рөлдерді Шелли Хенниг, Моусес Сторм, Рени Олстэд, Уилл Пельтц, Джейкоб Высоцки, Кортни Хэлверсон, Хезер Соссамэн, Мэттью Борер, Мики Ривер, Кэл Барнс есімді актерлер сомдаған.
Фильм Қазақстандағы барлық кинотеатрларда көрсетіліп жатыр.