Джон Леннонның махаббаты туралы фильмде музыкантты кім сомдайтыны белгілі болды

Джон Леннонның махаббаты туралы фильмде музыкантты кім сомдайтыны белгілі болды
Фото: vk.com

The Beatles тобының ең танымал мүшесі Джон Леннон мен жапониялық авангард суретші Йоко Оно  махаббаты туралы білмейтін жан жоқ шығар.

Олар алғаш бас қосқаннан, Джон Леннон өмірден өткенге дейінгі аралықта барша жер-жаһан ғашықтардың сезіміне тамсанумен болған-ды. Бұл тарихта ең әдемі махаббат оқиғасы ретінде мәңгі қалады.

Белгілі америкалық продюсер және сценарист Майкл Де Лука олар туралы фильм түсіретінін былтыр хабарлаған еді. Сценарийді «Стивен Хокингтің әлемі» фильмі үшін «Оскар» сыйлығына ұсынылған Энтони МакКартен жазып, продюсер ретінде 83 жастағы Йоко Ононың өзі сайланған-ды. Десе де содан бері картинаның түсірілімі туралы еш ақпарат жарияланбады.

Жұртшылық асыға күтіп отырған фильм туралы Де Лука: «Оның негізгі қозғайтын тақырыбы махаббат, ерлік, АҚШ-тағы активизм шеңберінде болмақ. Біз қазіргі заман жастарына әлем туралы түсінік беріп, олардың санасына батылдық сынды ұлы қасиеттерді сіңіргіміз келеді»,– деген еді. Енді бір жылдан кейін атақты музыкантты Кристофер Экклстон сомдайды деген дерек пайда болды. Мұның рас не өтірік екені белгісіз. Сол себепті, әзірге картина шыққанша күте тұруға тура келеді. Бір айта кететіні, Кристофер Леннонның келбетіне ұқсайтындай көрінеді.

А. Оралқызы