Кино саласында жетістікке жету үшін актерлік шеберлік болса жеткілікті деп ойлайтындар өмірде өзін ісін шынайы сүю деген ұғымды әлі түсінбесе керек. Актер Джаред Лето үшін әр рөлі болмысындағы әр түрлі өзгеріспен байланысты. Екі сағаттық фильмі үшін 5-6 айын дайындыққа жұмсайтын актердің образдарын тамашалып, өзінің ісіне деген нағыз махаббаттың куәгері болыңыз.
«Қаныпезерлер жасағы» (Отряд Самоубийц) фильміндегі Джокер рөлін ойнап, халықтың сүйіктісіне айналған актер бұл ойыны үшін париктен бас тартып, түсірілім уақытында жасыл түсті шашпен Голливуд көшелерін кезіп жүрген. «Түсірілді» деген режиссер сөзінен кейін де осы образын сақтап қалған. Сонымен қатар, өзінің әріптестеріне сыйлаған сыйлықтары тұрпайы болыпты: Уилл Смитке конверт толы оқтар сыйласа, фильмдегі сүйіктісі Марго Роббиге тышқан салынған қорапты сыйға тартқан.
«Арман реквиемі» (Реквием по мечте) атты фильмде нашақордың рөлін сомдау үшін, актер тамақтан бас тартқан. «Мен бұл кезде тамақ дегенді ұмытқаным соншалықты, тіпті түсірілім аяқталар сәтте түрлі галлюцинациялар пайда болды»,– дейді Джаред өзінің өзгерісі туралы сұхбатында.
«Александр» фильмінде Александр Македонскийдің жақын досы болған Гефестионның рөлі үшін Джаред өзін толықтай өзгертті. Шаш үлгісін ұзартып, ет жинап, тіпті көзге сүрме жағуды әдетіне айналдырды.
«27-бөлім» (Глава 27) фильмінде Джон Леннонды өлтірген қанішер Марк Чемпеннің рөлін сомдау үшін Джаред 28 киллограмм салмақ қосады. Ол үшін пицца мен балмұздақты артық мөлшерде қолданып, оны тіпті күнделікті тамақ режиміне қосып қояды. Нәтижесі бәрін таңдандырды: Джаред адам танымастай өзгерді, ал рөлі өшпейтіндей із қалдырды.
Әрине, барлық мадақты Джаред мүгедектер арбасында отырып тыңдады. Өйткені тез салмақ жинаймын деп, қан құрамындағы холестерин мөлшерін көбейтіп алды. Дегенмен, аз ғана уақыт ішінде актер өзінің бұрынғы қалыпына қайта келді.
«Тұтынушылардың Даллас клубы»(Далласский клуб покупателей) фильмінде СПИД ауруымен ауратын транстың рөлін сомдайтын актер 17 киллограм салмақ тастайды. Қасын қырып тастап, биік өкшелі аяқ киімде жүруді үйренеді.
Мұны «ессіздік» деп тануыңыз әбден мүмкін. Бірақ, оның киноға деген махаббатына ешқандай тосқауыл жоқтығын аңғаруға болады. Ол үшін әр рөлі – өзгерістердің бастауы. Өзінің еңбек жолында еркін қимылдайды. Бұл – сүйікті ісіне деген шексіз махаббат.