Warner Bros. компаниясы режиссер Тодд Филлипстің "Джокер" фильмін “Оскар” сыйлығына ұсыну шараларын бастады.
Фильм авторлары 55 миллион долларлық картина кинопракаттан миллиард доллар жинайды (қазірдің өзінде ол 900 миллион доллардан аса қаржы жинаған) һәм “үздік режиссер”, “үздік актер”, “екінші пландағы үздік актер”, “екінші пландағы үздік актриса”, “үздік сценарий”, “үздік монтаж” және басқа да номинациялар бойынша сыйлыққа лайық деп есептейді.
Фильм көрермендерге жол тартқаннан бастап букмекерлер Хоакин Фениксті сыйлыққа лайық басты үміткер деп атаған. Ол соңғы 18 жыл бойы бір рет екінші пландағы рөлі үшін, екі рет негізгі рөлі үшін “Оскар” сыйлығына номинант болып, бірақ бірде-бір рет аталған сыйлықты иеленбеген.
Фильм неше бағыт бойынша үміткер болатыны 2020 жылдың 13 қаңтарында, яғни, АҚШ кино академиясының мүшелері соңғы тізімді жариялағанда белгілі болады.
Айта кетейік, “Джокер” фильмі премьерасы 2019 жылдың 31 тамызында 76-шы Венеция кинофестивалінде өтті. Картина фестивальде бас жүлде – "Алтын Арыстанды" иеленді. Ал фильм туралы қызықты ақпаратты “Тағдырдың күлкісіне қалған Джокер” атты мақаламыздан оқып біле аласыздар.