Биыл "Титаник" фильміне 20 жыл толып отыр. Осыған орай картина режиссері Джеймс Кэмерон мен National Geographic редакциясы бір сағаттық деректі фильм түсірмек. Онда атақты фильмнің қалай түсірілгені туралы және сюжетіне қатысты тың ақпарат беріледі.
Бір қызығы, қазір интернетте фильмге қатысты мынадай сұрақ жүргені баршаға белгілі: Кеме суға кеткен кезде Розаның өмірін сақтап қалған тақтайға Джекті неге сыйғызбады? Әрине, бұл қалжыңға айналған сұрақ. Десе де, режиссер деректі фильмде осы сұрақтың жауабын береді.
Себебі, Кэмерон, ең алдымен, фильмін фактілік қателіктерді ашу мақсатында түсіргелі жатыр.
"Мен сценарий жазған кезде де, фильмді түсіру кезінде де кез келген дерек шындыққа максималды түрде жақын болғанын қаладым. Әсіресе, кеменің суға батқан кезін шынайы көрсетуге тырыстым. Шындықты ғана айту сол кезде опат болған адамдар алдындағы міндет еді. Бұл менің қолымнан келді ме, білмеймін. Қазір National Geographic ұжымы мен жаңа технологиялар арқасында мұны тексеру мүмкіндігі пайда болып отыр",– дейді режиссер.
"Титаник: 20 жылдық" деректі фильмі биыл желтоқсан айында жарыққа шығады.