- Негізгі бет
- Кино
- Джеки Чанды ең...
Джеки Чанды ең бірінші жарақаттаған адам – Брюс Ли
Кино тарихындағы ең әйгілі актер – Джеки Чанның өмірі мен денсаулығы сақтандыру компанияларында сақталған болса, бүгінде олар құлдырауға ұшырайтын еді. Себебі актердің әрбір кино кезінде алатын жарақат саны адам сенгісіз.
Джеки Чан өзінің кино әлеміндегі жолында барлығы 3000 түрлі жарақат алған. Тіпті оның кейбірі актердің өміріне қауіп төндірген. Сөзіміз анық болу үшін актердің кинодағы алған жарақаттарынан бір-екі мысал келтіріп өтсек.
Джекчи Чан алғашқы жарақатты 19 жасында алған. Бұл 1973 жыл. Ал бұл жарақатты ең әйгілі актердің бірі Брюс Лидің өзі жасаған. «Айдаһардың шығуы» фильміне түсірілім кезінде жас актердің көзіне Брюс Лидің таяғы тиіп кеткен. Қуанышқа орай сол көзінің жанынан сырып өткен таяқ көзге аса үлкен қауіп төндірмеген.
1978 жылы «Жылан қыранның көлеңкесінде» фильмінде Джеки Чан алмас қылыштың сабын емес, өзін қолымен ұстап алған. Ал түсірілім кезінде келісім бойынша жалған қылыш ойнатылу керек болған. Бірақ олай болмай шықты. Ең қызығы актер бұл әрекетті реніш деп қабылаудың орнына «шынайы болу керек» деп қан ағып тұрған алақанымен түсірілімді жалғастыра берген. Осы жылы «Мас шебер» фильмі түсірілді. Джеки Чан жерге құлау кезінде көзін жарақаттап алған. Тіпті көзін аман алып қалу үшін ота да жасалған.
1983 жыл. «А Жобасы» фильмі. Сегіз метр биіктіктен ешқандай қорғаныш киімсіз құлаған актердің бес қабырғасы сынған, мұрны мен жағы да жартылай сынық алған. Біраз уақытқа дейін актер мойын сүйегін бұра алмай келген.
1985 жыл. «Полицей академиясы» фильмі. Бес қабатты үйден түсіп келе жатқан актердің бұл түсірілімде өміріне қауіп төнген: екі омыртқасы сынып, көзі жарақат алған. Осы фильмінен кейін актер екі ай бойына ауруханада жатқан. Дәрігерлер актер қалған өмірін сал болып өткізуі мүмкін деп те болжам жасаған.
1986 жыл. «Құдайдың құрышы» фильмі. Аталған фильмді түсіру кезінде Джеки Чан өміріндегі ең қауіпті жарақатты алды. Ол алты метр биіктіктен жерге баспен түскен. Бас сүйегі сынып, ми тамырларына зақым келген. Ота жасалып, миының жарты бас сүйегіне пластика салынған. Ал оның сол құлағы осыдан кейін дұрыс естімей қалған.
1993 жыл. «Қылмыс тарихы» фильмі. Актер екі бірдей көліктің ортасында қалып қойған. Өкінішке орай сәтсіздікке ұшыраған Джеки Чан екі бірдей аяғынан айрылып қала жаздаған. Дәрігерлердің арқасында үш айдан кейін жазылып шыққан.
1995 жыл. «Бронкстегі төбелес» фильмі. Актер бұл кезде тізесі мен сол аяғының бақайын сындырып алған және фильмді түсіру тоқтатылған. Бірақ көп ұзамай қайта жалғасқан.
2005 жыл. «Миф» фильмі. Бұл фильмге түсу кезінде актер бірнеше жарақат алған. Аттан құлап бел сүйегін зақымдаған.
Өмірін фильммен тікелей байланыстырған актер өзінің ләззаты үшін қандай жағдай болмасын бас тартпаған. Себебі ол көрермен бәрін шынайы көрсе екен деп түйген.