Әлемдік кино өнерінің теңдессіз жұлдызы, актер Джеки Чан Қазақстанға ұшып келді, - деп хабарлайды Астана әкімінің баспасөз қызметі. Астана әкімі Әсет Исекешев әйгілі актерді әуежайдан өзі күтіп алды. Джеки Чанды әуежайдан күтіп алғандар қатарында «Қазақстан» РТРК» АҚ-тың басшысы Ерлан Қарин да болды.
Аты аңызға айналған актер Қазақстанға тұңғыш рет келді. Ол еліміздегі Қытай киносы фестивалінің шымылдығын ашатын болады. Қазақстандағы Қытай киносы фестивалінің күндері ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігі мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен 7-18 маусым аралығында өтеді. Ашылу салтанатында Джеки Чан «Кунг-фу Йога» атты фильмін тарту етеді. Айта кетсек, 7-18 маусым аралығында Астанада өтетін Қытай киносы фестивалі аясында елордалықтар мен қала қонақтары «Іле өзені», «Шынайы махаббат», «Гүлім», «Қатерлі ісік мырза, кетіңіз», «Қасқыр тотемі» сынды туындыларды тамашалай алады.