Джек Лондон шығармаларының үздік 3 экранизациясы

Әйгілі америкалық жазушы, әңгімеші және журналист Джек Лондонның «Тектік сарын», «Ақ азу» және «Мартин Иден» сияқты романдары оны тарихтағы ең танымал авторға айналдырды. Оның көптеген туындылары экранизацияланды. Солардың ең үздіктеріне тоқталып өтейік. 


«Ақ азу» фильмі, Итан Хоук, 1991 жыл

 «Ақ азу», 1991 жыл

Ақ азу (ағыл. White Fang ) — 1991 жылы бас кейіпкерді Итан Хоук сомдаған америкалық шытырман оқиғалы фильм. Джек Лондонның 1906 жылы жазылған осы аттас романына негізделген бұл фильм жас алтын іздеушісі мен қасқырдың достығы туралы баяндайды.


Лука Маринелли Мартин Иден рөлінде, 2019 жыл

 «Мартин Иден», 2019 жыл

Алдыңғы жылы Венеция кинофестивалінде ең көп талқыға түскен «Мартин Иденнің» италиялық экранизациясы болды.

Пьетро Марчеллоның фильмінде Мартин Иденді сомдаған Луки Маринелли оны керемет келбетті болса да, әбден зорығып, көзінен нұры тайған жігіт ағасы ретінде көрсетеді. Ағараң тартқан шашы бетіне түскен кейіпкер аузынан бірден: «Демек, өмір менен күштірек болғаны. Оның қарымына қарсы менде тұлғалық қасиеттерімнен басқа ештеңе де жоқ. Бірақ, мұның өзі осал қару емес. Менің әзірге берілгім жоқ» деген сөздерді есту классикалық туындымен таныс оқырман үшін таңқаларлық  кадр болары анық. Себебі Лондонның Мартині олай айтқан емес. Сіз бұл ойыңызды ұғынып үлгергенше, Марчелло фильміндегі пойыздар өзгерістер еліне еніп кетеді.

Аталған картинада Пьетро Марчелло үшін уақыт тек сюжеттің жүруіне ғана қажет түсінік емес, XX ғасыр болмысын беретін құрал. Яғни, біреулерді америкалық арман құшағына итермелеп, екіншілерін модернистік ұғымдардан құралған ертегімен арбаған дәуір атмосферасын жеткізуші.

Түпнұсқа роман 1909 жылы жарық көрсе де, фильмде ол кезеңге тән емес қызыл лозунгтар қаулап тұр. Онда Лондон шығармасы сипаттайтын уақыттан әлдеқайда кейін басталған Бірінші Дүниежүзілік соғыс оты лаулайды. Марчеллоның Мартині кинотеатрларға барады, диктофон қолданатыны тағы бар. Оқиға да Оклендте емес, Неапольда болады. Кейіпкерлер итальян және француз тілдерінде сөйлеседі. Романда жас оқырман ағылшын ақыны Алджернон Суинберн өлеңдерімен ауырса, фильмдегі Иден Бодлерді пір тұтады. Мартин сүйіктісін Руфь деп емес, Елена (Джессика Крисси) деп шақырады. Италиялық атмосфера үшін сондай шешім қабылданған.

Марчелло үшін әдебиет басты орында емес, бастысы ондағы көзқарас, қатынас пен ым ишара. Оның кейіпкері тіпті тіл қатпайды. Мартиннің ойлары монтаж бен камера қозғалысы арқылы жеткізілген. Әр кадр кейіпкердің тынымсыз жанының көлеңкесіндей. 16 миллиметрлік таспаға түсірілген фильм 1970-ші жылдардағы италиялық картиналарды еске салады. Экрандағы жасыл түс Тавиани, Эрманно Ольми, Пьер Паоло Пазолини туындыларын тамашалап отырғандай күйге түсіреді… Таспадан тек қанық түстер әлеміне бойлап қана қоймай, теңіз, шөп пен ескі кітап иісін сезгендей боласыз.


Харрисон Форд «Бабалар үні», 2020

 «Бабалар үні», 2020 жыл

«Бабалар үні»,  (ағыл. The Call of the Wild ) — Джек Лондонның 1903 жылғы романына негізделген америкалық шытырман оқиғалы фильм.

Шығарма сюжеті бойынша Бэк атты иттің басынан өткен оқиғалар адам аяғы баспайтын, өркениеттен алыс жерлерде өтеді. Бэк адамдардың жақсылығы мен қорлығын көп көреді. Түрлі шытырман оқиғаларға тап болады. Жалпы, хикаят адам мен ит достығын баяндайды. Осы арқылы Джек Лондон асқақ рухты насихаттайды.  Шығарма Бэктің адамнан бөлініп, қасқырлар тобына қосылып жаңа өмір бастауымен аяқталады.

Фильмде басты рөлдерді Харрисон Форд пен Омар Си сомдады.