- Негізгі бет
- Кино
- Динозаврды қайта тірілткен...
Динозаврды қайта тірілткен фильм
66 миллион жыл бұрын жерде мекендеген динозаврларды көгілдір экранда қайта тірілткен фильм – Стивен Спилбергтің "Jurassic Park" (Юр дәуірі паркі) атты кинокартинасы.
Аталмыш фильмнің тұсаукесері осыдан 27 жыл бұрын салтанатты түрде өтті. 90-шы жылдары бүкіл әлемді шынайы спецэффектісімен таңқалдырған бұл фильм Майкл Крайтонның ғылыми-фантастика жанрындағы “Jurassic Park” романына негізделіп түсірілген. Кітап бестселлер болғандықтан, оған фильм түсіру туралы шешім қабылданып, режиссерлік Стивен Спилбергке бұйырды. Түсірілім 1992 жылы Гавай аралдарында басталған. Кинокартинада басты рөлдерді Сэм Нилл, Лора Дерн, Джефф Голдблюм сомдап шықты.
Фильмде Юр дәуірінде ғаламшарымызды мекендеген динозаврлардың ДНҚ-сының кәріптастан табылуымен және оны бақаның ДНҚ-ларымен қосу арқылы ғалымдардың үлкен жетістікке қол жеткізуі көрсетіледі. Соған орай миллионер-ғалым Джон Хаммондтың Коста-Риканың батыс жағалауынан 120 миль қашықтықта орналасқан Нублар аралын (Isla Nublar) жалдап, ол жерде парк ашуды көздейді. Бірақ бір жұмысшының сақтық ережесін дұрыс сақтамауы салдарынан қаза табуы дау тудырады. Осы мақсатта Джон Хаммондқа паркті қауіпсіз деп тануға эксперттердің пікірі қажет болады.
Ол атақты палеонтолог Алан Грант (Сэм Нилл) пен Элли Сэттлерді (Лора Дерн) аралға шақыртып, өз идеясының оң екеніне көз жеткізгісі келеді. Алайда палеонтологтар оған қарсылық білдірмекші болады, өйткені паркте жыртқыш әрі қауіпті Тираннозавр және Велоцирапторлар секілді динозаврларды бақылау қиын әрі дұрыс емес деген пікір берді. Байқаусызда бір ақау кетіп, олар өз вольерлерінен шығып кетсе, оларды бағындыру мүмкін емесін Джон Хаммондқа түсіну қиын болады.
Сол жақтан оңға қарай Джон Хаммонд, Элли Сэттлер және Алан Грант
Сондай-ақ фильмде арнайы зертхана көрсетіледі. Ол жерде динозаврлардың жұмыртқадан шыққан кездерін бақылауда ұстайтынын атап кетеді. Бұл сценада кішкентай велоцираптор барынша шынайы визуалданып көрсетілген. Парктегі бірқалыпты тыныштықтың бұзылуы Деннис Недри (Уэйн Найт) атты жұмысшының өз жалақысына көңілі толмай, эмбриондарды сыртқа сату барысында парктегі электр көзін сөндіруден басталады.
Электр көзі бұл паркте өте маңызды рөл атқаратын, өйткені ол әр вольерде жыртқыштар сыртқа қарай атылмау үшін 10000 вольтпен жұмыс жасап тұрған тосқауыл құрал секілді еді. Кейінгі сюжет паркке арнайы келген эксперттердің өз өмірлері үшін күресуі мен аралдан тездетіп кетудің жолын іздестірумен жалғасады. Сол түні тропикалық дауылмен қатар тропикалық нөсердің болуы фильмді әсерлі етіп көрсетеді. Алып жыртқыш тиранозаврдың алғаш фильмде көрініс табуы көрермендердің оң эмоциясын туғызды. Оның түр-түсі, дауысы спецэффектер мен арнайы мамандардың арқасында өте шынайы көрінді.
Тираннозаврдың өз вольерінен шығу сәті
Фильмдегі велоцирапторлар
Фильмде тек спецэффектілер емес, сонымен қатар арнайы фильм үшін Стэн Уинстонның студиосы жасаған динозаврлар роботтары қолданған. Фильм соңында Джон Хаммонд өз идеясынан бас тартып, бұндай қауіпті динозаврлары бар парк ашудың қате болғанын түсінеді. Фильмнің жалпы идеясы динозаврларды қайта тірілтеміз деген ойдан аулақ болу және динозаврларды басқару мүмкін емес, сонымен қатар олардың қандай қауіпті жыртқыш екенін көрсету болатын.
Айкен Айтбайқызы
Г. Берік