Демалыс: қыздарға арналған 10 фильм

Алда Наурыз мейрамына орай бес күн демалыс. Демалысты мерекелік шараларға қатысып, Наурызкөже ішіп, туыстарды аралап өткізуге болады. Ал кештерді жылы көрпеге оранып, үздік махаббат мелодрамаларынан тамашалауға арнаңыз.

Бриджит Джонстың күнделігі / Bridget Jones's Diary


Оның жасы отыздан асты, арманшыл, көп сөйлейді, көп ұрсады, темекі шегеді, әрдайым ақымақтық жасап жүреді, арықтағысы келеді, бірақ жігері әлсіз. Таныс болыңыз: бұл - Бриджит Джонс. Ол бар күшімен өмірін де, өзін де өзгерткісі келеді. Бриджит кемшіліктерінен құтылу үшін мақсаттары мен ойлары, сәттіліктері мен сәтсіздіктерін жазып жүретін күнделік бастайды. Ол арықтап, арманындағы жігітті жолықтырғысы келеді, сондықтан әр қадамын аңдап басады. Және ең сорақысы – ол сымбатты бастығы Дэниел Кливерге ғашық. Бастығының оған көңіл бөлуі мүмкін бе? Ашық-жарқын, қызықты және қайталанбас адам болсаң бұл өмірде бәрі мүмкін.

Шайтан Prada киеді / The Devil Wears Prada


Андреа есімді қарапайым ауылдың қызы өзі сияқты қарапайым аспаз жігіт Нейт пен өз мамандығына ғашық. Андреа нағыз тілші болуды армандайды. Chanel мен Versace-ні айыра алмайтын қызға аяқ асты танымал сән журналында сынақтан өту мүмкіндігі туады. Озбыр, қатал, талапшыл редактор Миранда Пристлиді көргенде Андреаның қуанышы су сепкендей басылады. 12-сантиметрлі біз өкшелер, тәулік бойы макияж, гламур мен сәнді киімдер әлемінде сезімге жол жоқ. Тек қана сән және оған толықтай табыну.

Амели / Le Fabuleux destin d'Amélie Poulain


Амели Монмартрдағы «Екі диірмен» кафесінде жұмыс істейді. Бір күні ол өзінің жуынатын бөлмесінде жасырын қойма бар екенін аңғарады. Ал онда балалар қазынасы салынған қорапты тауып алады. Амели құнды заттардың иесін тауып алуға бел буады. Осы іске кіріскен соң, ол бұл әлемде болып жатқан барлық құбылыстар бір-бірімен байланыста екенін байқайды. Айналасындағылар Амелиді кішкене есі ауысқан деп ойлайды. Алайда біртіндеп оның істері көптеген адамдардың өмірін өзгертіп, бақытты болуларына септігін тигізе бастайды.

Мәскеу көз жасқа сенбейді / Москва слезам не верит


Ауылдың үш қызы Мәскеуге келеді. Білім алады, жұмыс істейді және өз бақыттарын іздейді. Антонина қарапайым қызметкерге тұрмысқа шығады, Людмила – танымал хоккейшіге, ал Катерина Рудольф есімді телеоператорға ғашық болады, одан жүкті болып, бірақ жалғыз қалады. Бірнеше жылдан кейін Катерина қызын өзі жалғыз аяққа тұрғызады, ірі фабриканың директорына дейін көтеріліп, бірақ жеке өмірі сол қалпы оңалмайды. Алайда кездейсоқ танысқан слесарь Гоша өмірін толықтай өзгертіп жібереді.

Қалыңдықтар соғысы / Bride Wars


Қыздар бір көйлек үшін көрместей болып қырқысып қала ала ма? Әрине, егер бұл көйлек – той көйлегі болса! Лив пен Эмма бала кезінен дос және күйеуге шығып, керемет үйлену тойын жасауды армандайды. Бір қызығы, сонша жылдан армандаған атаулы күн – үйлену тойлары бір күнде өтетін болып белгіленеді. Қыздардың әрқайсы үйлену салтанатын ерекше, көл-көсір етіп жасауға тырысады. Құрбылар көйлек, торт пен қонақтар үшін қырылыса бастайды. Бұл тайталаста кім жеңер екен?

Үлкен қаладағы махаббат / Sex and the City


Төрт құрбының төрт жылдан кейін басы қосылады. Олардың өмірі түбегейлі өзгерген. Миранда көзіне шөп салған күйеуін кешіргісі келмейді, Шарлоттаның аяғы ауыр, Саманта жеңілтектігіне салынып, жас жігітпен өмір сүруде, ал Кэрри арманындағы жігітке тұрмысқа шықпақшы. Ал арманындағы жігіт көл-көсір тойдың қажеті жоқ деп есептейді. Жалпы ол тойды қалай ма? Қаламайтын сыңайлы, өйткені қалыңдық өзін жалғыз сезінуде.

Тамақ же, дұға оқы, ғашық бол / Eat. Pray. Love


Элизабет Гилберттің өміріне сызат түсті: шаңырағы шайқалды, ол өзі армандаған өмірді емес, өзгенің өмірін кешіп жатқандай күйде. Элизабет күйзеліске түсудің орнына, бар күш-жігерін жинап, өмірін қайта бастауға бел буады. Ол саяхатқа аттанып, жаңа сезімдерге бөленеді. Элизабет жан рахатын тауып, дін мен ділді зерттеп, жаңа махаббатқа жолығады.

Абайлаңыз! Есіктер жабылады / Sliding Doors


Хелен үйіне қайту үшін метроға түседі, бірақ тағдырдың оған басқа жоспары бар. Тағдыр қызға параллель әлемнің есігін ашуды жөн көреді. Бірінші өмірінде Хелен үйіне ертерек келіп, басқа әйелді ұстап алады, ал екіншісінде – поезға үлгермей, ешеңе білмейтін болады.

P.S. Мен сені сүйемін / P.S. I Love You


Джерри мен Холли қарапайым отбасы болып өмір сүрді. Ұрысты, татуласты және қайта ұрысты. Алайда Джерри қайтыс болғанда бәрі өзгерді. Асқынған ауру Холлидің жұбайын о дүниеге алып кетті, енді ол әрі қарай қалай өмір сүрерін білмейді. Есесіне Джерри біледі. Өйткені өлерінен біраз уақыт бұрын ол әйеліне бақытқа жетелейтін нұсқаулықтар мен кеңестер жазылған аудиожазбаларды жазып тастап кеткен.

Тәкаппарлық пен бірбеткейлік / Pride and Prejudice


Бай және сымбатты жас ақсүйек Дарси өзіне тым сенімді және менменшіл. Элизабетпен танысқанда, ол бірінші кезекте оның сұлулығына емес, мәртебесіне назар аударады – ол қарапайым отбасынан шыққан, демек, оның теңі емес. Біртіндеп өркөкірек мырзамыз Элизабетке сезімі бар екенін байқап, ашуын мейірбандыққа алмастырады. Алайда қызға оның арсыздығы ұнамай, бетін қайтарады. Бұған ер жігіт дайын емес еді...

Сурет: wday.ru

Дайындаған: Анар Мұстафина