Бүгін режиссер, Канн фестивалінің "Ерекше көзқарас" номинациясының және бірнеше халықаралық сыйлықтың иегері Дәрежан Өмірбаевтың туған күні. Осыған орай режиссердің үздік 5 фильмін ұсынамыз.
Қайрат 1992 ж
1991 жылы Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясы мен "Әлем" шығармашылық бірлестігі бірлесіп түсірген Дәрежан Өмірбаевтың "Қайрат" дебюттік фильмі 1992 жылы Локарно қаласында өткен фестивальде "Күміс леопард" жүлдесімен және ФИПРЕССИ кинобаспасы Халықаралық Федерациясының сыйлығымен марапатталған. Қазақ режиссерін бүкіл әлемге танытқан бұл туынды 2010 жылы Open Doors секциясының аясында Локарнода қайтадан көрсетілген болатын.
Сюжет бойынша басты кейіпкер Қайрат есімді жас жігіт институтқа түсу үшін Алматыға келіп, емтихандардан сүрінеді. Бұл өсудің өте нәзік тарихы. Қайрат қоғамдық көліктердегі қыздарға қарап, оларға жақындауға ұялып жүреді.
Кардиограмма 1995 ж
Он екі жасар қойшының баласы Жасұланның жүрегі ауырады. Анасы оны Қазақстан астанасының таулы аймағындағы санаторийге апарып, сол жерде емделу үшін бір ай қалдырады. Ауыл баласының проблемалары оның орысша сөйлемеуінен, ал қаладағы балалар мен оның айналасындағы ересектер қазақша сөйлемейтіндігінен қиындай түседі. "Кардиограмма" фильмі – бала жан дүниесін, баланың беймәлім және бейтаныс ортаға бейімделу процесін көркем түрде көрсетеді.
Киллер 1998 ж
Марат әскерден оралғаннан соң жүргізуші болып жұмыс істейді. Ол жол-көлік апатында кінәлі болып, нәтижесінде қымбат шетелдік автокөлік бүлінеді. Рэкетерлер одан қираған көлікті жөндеу үшін жедел төлем талап етеді. Барлық шытырман оқиға осы жерден басталады.
Режиссер осы фильмімен 1998 жылы беделді Канн халықаралық кинофестивалінде "Ерекше көзқарас" бағдарламасының үздік атанды. Бұдан бөлек, аталмыш фильм Карловы Вары халықаралық кинофестивалінде қазылар алқасының арнайы сыйлығын, Нанттағы үш құрлық халықаралық кинофестивалінде "Құрметті сыйлын" және 1999жы Тегеран халықаралық кинофестивалінде "Үздік сценарий" номинациясын иеленді.
Шұға 2007 ж
Фильм Лев Толстойдың "Анна Каренина" романының желісі бойынша түсірілген. Романның тарихы қазіргі Қазақстан заманына ауыстырылған. Мәжілісменнің әйелі Шұға Астанадан Алматыға ағасын әйелімен татуластыру үшін келеді.
Студент 2012 ж
"Студент" Федор Михайлович Достоевскийдің "Қылмыс пен жаза" романының негізінде түсірілген фильм. Фильмнің премьерасы 2012 жылдың 17 мамырында Канн кинофестивалінде "Ерекше көзқарас" бағдарламасында өтті.
Фильмнің сюжеті бойынша, оқиға Қазақстанда өтеді. Алматы университетінің студенті жалдамалы пәтерде тұрады. Фильм барысында ол кедейлікпен және әлеуметтік теңсіздікпен бетпе-бет келеді. Осындай қиын жағдайлардың нәтижесінде студентте қылмыс жасау идеясы пайда болады.