Белгілі режиссер, “Әкем екеуміз”, “Сағынтайдың бірінші әйелі” сынды фильмдердің авторы Данияр Саламаттың биыл жарыққа шыққан “Біздің үй” туындысы Римде өтіп жатқан "Азия фильмдері кинофестивалінде" "Қазылар алқасының арнайы жүлдесін" иеленді.
“Менің биыл ғана жарыққа шыққан "Біздің үй" атты толықметражды көркем фильмім Римде өткен "Азия фильмдері кинофестивалінде" "Қазылар алқасының арнайы жүлдесін" иеленіпті!
Бюджетсіз, жай ғана фотоаппаратты сүйретіп жүріп түсірген дүнием үміт болғанымен жүлдеге ілінеді деген сенімім болған жоқ еді... қуанып қалдым!
Фильмді осынау үлкен дүбірге бағыттаған Орта Азияға аты мәшһүр кинотанушы, киносыншы Gulnara Abikeyeva ханымға мың алғыс! Сол үлкен дүбірдің ортасында жүріп, фильмді таныстырған кино маманы Diana Ashimova қызымызға мың алғыс! Осы фильмді тесік тиынсыз, еш ренішсіз ықыласпен түсіріскен дос, шәкірт, бауырларыма мың алғыс! Бұл фильмнің алғашқы фестивальі, алғашқы жүлдесі…”, - деп жазды режиссердің өзі facebook әлеуметтік парақшасына.
“Бурлеск кино классикасы іспетті түсірілген “Біздің үй” түпнұсқа стильдегі комедиялық киноның мысалы бола алады. Батыстық көзқарасқа сай, туынды Китонды, Кафканы, Брехт пен Татиды еске салады: яғни, комедияны шектеу, билікті салқынқанды сатираға қосу, өзінше автономды картиналар арқылы шын және фантастикалық екі әлемнің суретін салу. Көпшілік біз көріп отырған дүние мен саяси жағдайдың қандай байланысы бар деп таңдануы мүмкін, оның шын өмірді ойдан құрылған әлемге айналдырудың нәтижесі екенін де ұқпауы мүмкін”, - делінген сыйлықтың анықтамасында.
"Менің фильмдерім көпшілікке жетпей қалып жатады. Мысалы, "Сағынтайдың бірінші әйелінде" көп балалы ана, әлеуметтік теңсіздік сынды мәселелерді көтердім. Мен мұны 3-4 жыл бұрын түсірдім. Яғни бұл мәселе бүгін емес, бұрыннан қордаланып келе жатқандығын білдіреді. Қазіргі қаны тамшылап, жарылған жараны бітеу кезінде бейнеледім. Бірақ менікі авторлық фильм болғаннан кейін, көпшілікке арналмағасын бір-екі фестивальге қатысты да қалып қойды. Мен оны көпшіліктің талқысына ұсынбадым. Өйткені авторлық фильмдерге көпшіліктің сұранысы мүлде аз. Олар киноны ойын-сауық, көңіл көтерудің құралы ретінде көреді. Қазіргі көрермендерге ойландыратын кино көрсетсең бір ғана сөзбен "нашар кино" дей салады. Сол себепті фильмімді белгілі бір адамдарға, элитаға ғана ұсындым. Биыл "Біздің үй" деп аталатын фильмімді түсірдім. Қазір фестивальдерге қатыстырудың тағдырын шешіп жатырмыз. Онда да қазіргі әлеуметтік жағдайымыз, қоғамның бейнесі, біздің күйіміз суреттелген", - деген еді режиссер Массагет порталына берген "Киноның әліппесі – сурет пен әдебиет" атты сұқбатында.
Айта кетейік, Данияр Саламат, режиссер, сценарист, кинодраматург. 1970 жылы туған. 1998 жылы Т. Жүргенов атындағы өнер академиясында “Кино драматургиясы” мамандығы бойынша (Әкім Тарази шеберханасы) тәлім алған. “Ажалын қуған адам”, “Жөшә”, “Әкем екеуміз”, “Бәйтерек”, “Кішкентай”, “Сағынтайдың бірінші әйелі”, “Біздің үй” т.б фильмдердің авторы.