- Негізгі бет
- Кино
- Чжан Цзыи –...
Чжан Цзыи – Қытайдың ең әйгілі төрт актрисасының бірі
Чжан Цзыи – 1979 жылдың 9 ақпанында Қытайдың Пекин қаласында туған актриса. Би үйірмесіне қатысып, театрландырылған мектепке түскен оның қабілетін режиссер Чжан Имоу байқаған. Блокбастер жұлдызына атақ-даңқ 19 жасында Чжан Имоудың "Үйге қайтар жол" фильмінде ойнаған соң, 1999 жылы келген. Содан бері Чжан Цзыи телеэкраннан түспей, әлемге танылған киноларда төбелес тәсілдері мен актерлік шеберлігімен көзге түсіп, біздің де сүйікті актрисамызға айналды. Бұл күні Қытайдағы ең танымал 4 актрисаның құрамына кіретін оны Time журналы "Голливудқа берген қытайлық сыйлық" деп атаса, People Жер планетасындағы ең әдемі 50 адамның құрамына екі рет енгізген.
"Менің алғашқы суретім журнал мұқабасына шыққанда, әкем журналдың барлық санын сатып алды. Мен оған осынша журнал неге керек деп таңырқадым. Ал ол маған "ештеңе түсінбейсің" деп жауап берді. "Сен – атақты адамсың. Журналды жұмыстағыларға таратамын", – деп түсіндірді сосын. Бұл менің көңілімді босатып жіберді. Мен ата-анамды сондай жақсы көремін. Отбасымыздың материалдық жағдайы түбегейлі өзгергеніне қарамастан, олар сол күйінше қалды. Сол адамдармен әлі де дос, жұмысқа қоғамдық көлікпен жетеді", - дейді актриса. Чжан Цзыидың өзі қоғамдық көлікпен жүрмейді, супержұлдызға айналған актрисаның жұмысына ұшақпен ұшып келетін кездері де болады екен.
Чжан Цзыидың америкалық кинодағы алғашқы жұмысы "Пик сағаты – 2" фильмі болды. Бұл кезде актриса ағылшын тілін білмейтін, Джеки Чан оған көмектесіп, екі ортада аудармашы болған. Содан кейін актриса ағылшын тілін күніне бес сағат оқып, бүгінде еркін сөйлейтін дәрежеге жеткен. Актрисаға күтпеген жерден келген атақ-даңқтың астарына үңілген журналистер оның режиссер Чжан Имоумен әлдебір қарым-қатынасы бар екенін айтқан. Десе де бұл әңгіме дәлелденбей, актриса ақталып шықты. Сондай-ақ актриса мен Джеки Чан екеуі жақын қарым-қатынаста деген әңгіме де көп болды. Ол да дәлелденбей, тек өсек күйінде қалды. 2007 жылы Чжан Цзыи Израиль миллиардері Авив Невомен бірге камераға ілініп қалған.
Миллиардер екеуінің қарым-қатынас құрғанын актрисаның өзі растаған. 2009 жылы интернетте миллиардер мен актриса бірге жағажайда демалып жатқанда түсірілген суреттер пайда болған. Қытай торабына тез тараған сексен екі суретті актриса артынан өшірткен. Ал 2010 жылы жұптың қарым-қатынасы тойға дейін ұласпай, екеуі екі жаққа кеткен.
Ал осы жылдың басында актрисаға 43 жастағы Ванг Фенг тұрмысқа шығуға өтініш жасаған. Чжан Цзыидың туған күнінде елдің көзінше ұсыныс білдірген оған актриса "иә" деп жауап берген.
Сурет: gigamir.net, vk.com
Ұқсас жазба:
Ли Мин Хо Сюзиге сезімін білдірді
М. Оңғарова