- Негізгі бет
- Кино
- Біз болмағанда басқа...
Біз болмағанда басқа кім? «Таңғажайып жетілік» (2016)
19 қыркүйек күні Meloman компаниясы және "Kinopark" кинотеатрлар желісі ұйымдастыруымен Алматы қаласы Kinopark 11 Esentai IMAX кинотеатрында режиссер Антуан Фукуа "Таңғажайып жетілік" атты фильмінің арнайы көрсетілімі өтті,– деп хабарлайды Massaget.kz сайтының тілшісі.
Режиссері – Антуан Фукуа
Продюсерлері: Роджер Бирнбаум, Тодд Блэк, Брюс Берман
Сценарийі: Акира Куросава, Синобу Хасимото, Хидэо Огуни
Рөлдерде – Дензел Вашингтон, Крис Пратт, Итан Хоук, Винсент Д’Онофрио, Ли Бён-хон, Мануэль Рульфо, Мартин Сенсмейер, Хейли Беннетт, Питер Сарсгаард, Люк Граймс
Жанры – атыс-шабыс (боевик), вестерн
Шығарған елі – Columbia Pictures / Escape Artists / LStar Capital / Metro-Goldwyn-Mayer (MGM) / Pin High Productions / Village Roadshow Pictures — АҚШ
Экранға шығу уақыты – 22.09.2016
Жас шектемесі – "16+"
Ұзақтығы – 2 сағат 13 минут
Қазір кино өндірісінде классикалық ескі киноларды жаңа техникалық жетістіктерді пайдалана отырып қайта түсіру сәнге айналған. Сондай ремейктердің кейбірін режиссер қауым артық қылам деп, тыртық қылып жатады. Бірақ, бірен-саран нағыз талант иелері ғана ескіні жаңғырту арқылы көрермен көзайымына айналып, кинематографта өздерінің сара жолын салып келеді. Бүгін кинотеарларда кино сүйер қауымға жол тартқалы отырған Антуан Фукуаның "Таңғажайып жетілік" фильмі осындай ұтымды жаңартылған кино туындысы десе болады. Бұл 1960 жылы жарық көрген туындының қайта жасалған нұсқасы, ал ол – Акира Куросаваның «Жеті самурай» атты фильмінің ремейкі.
Фильм желісі бойынша Жабайы Батыстың Роуз Крик елді-мекенінің тұрғындары қатігез барон Бартоломью Боуг (Питер Сарсгаард) және оның әскерінің жауыздығынан жапа шегіп, тынымсыз ғұмыр кешіп жатады. Безбүйрек бай қолынан қаза тапқан жолдасының өліміне қайғырған Эмма Каллен (Хэйли Беннетт) есімді жесір келіншек бұл зұлымға тойтарыс беру мақсатында Сэма Чисолма (Дензел Вашингтон) деген қылмыскерлер тыңшысын бар жиған терген ақшасына жалдайды. Бұл ұсынысты бұлжытпай орындау үшін, Сэм өзіне көмек қажет болатынын түсініп, бірнеше адамнан тұратын топ құрады.
Сол "Таңғажайып жетіліктің" құрамына Джош Фаррадей (Крис Прэт), Гуднайт Робишо (Этан Хоук), Джек Хорн (Д'Онофрио), Билли Рокс (Бен-Хен Ли), Васкес (Мануэль Гарсия-Рульфо) және Рэд Харвест (Мартин Сенсмейер) секілді түрлі қылмыскер енеді. Әр кейіпкер өзінің өмірлік тәжірибесін ауыл тұрғындарына үйрету арқылы соңғы шайқасқа дайындалып, Боуг әскерін күйретуге арналған жоспарды бірге құрады. Осылайша, негізгі қақтығыс барысында жер мәселесімен қоса, әр батырдың тағдыры шешіледі. Осы құрамдағы Жабайы Батыс батырларының бірі оңтүстіктікі болса, екіншісі солтүстіктікі, қалғандары: мексикалық, жұмбақ Шығыс өкілі, қара нәсілді болғандығы "Таңғажайып жетілікке" колорит сыйлайды. Тіпті, барлығының басында әйел адамның тұруы қазіргі заманғы гендерлік мәселелер негізінде арнайы жоспарланған сценарийге ұқсайды. Сондықтан су жаңа фильм көрермен қызығушылығын арттырары хақ.
Вестерн стилінде түсірілген кино өзіндік ерекше динамикасы әрі әсерлілігімен бірден баурап алады. Киноның әрбір бөлшегі егжей-тегжейлі жоспарланып, зор кәсіпқой деңдейде асқан жауапкершілікпен жасалғаны сезіліп тұр. Бұл туындының ең алдымен көз тартатын дүниесі — ондағы тамаша табиғат көріністері.
Жанкешті вестерннің атыс-шабысы, шулы шабуылдары мен қарқынды динамикадағы экшнді ұнатпағанның өзінде, Құрама Штаттардың адам қолы тимеген жабайы табиғат бейнелерінен эстетикалық ләззат алу үшін Фукуаның фильмін ұсынар едім. Әділдікті жырлайтын жаңа кинематографиялық туынды жүректерге жол табары анық.
А. Оралқызы