Бәрі бүркітшілікке тәнті атақты америкалық режиссер Отто Беллдің израильдік фотограф Ашер Свиденски түсірген Айшолпанның суретін көрген кезден басталыпты. Сол сәтте оған Айшолпан туралы фильмнің идеясы келеді.
Екі жылға созылған жұмыс аяқталып, Отто Белл «Бүркітші қыз» (The Eagle Huntress) деректі фильмін қазан айында көпшіліктің назарына ұсынды. Фильм Нью-Йорк пен Лос-Анджелес кинотеатрларында 28 қазаннан көрсетіле бастады. Бір жарым сағаттық туынды ағылшынша және кейіпкерлердің сөзі субтитрлермен берілген.
Бүркітпен аң аулау ер адамның ісі саналатыны жайлы естіген фильм авторлары ауыл ақсақалдарына барып, бұл жайдың мәнін сұраған. Сонымен қатар, Отто Белл дәстүрді білмейтін көрермен дұрыс түсінбей қалуы мүмкін деген оймен аңшылықтың кей көріністерін қысқартқанын айтқан.
Фильмнің продюсері әрі дыбыстаушысы «Жұлдызды соғыс» («Звездные войны») актрисасы Дейзи Ридли болды. Отто Белл Business Insider порталына берген сұхбатында Ридлидің Айшолпанның оқиғасына ерекше толқығанын айтқан. Deadline басылымына берген сұхбатта Дейзи өзі де: «Айшолпанның оқиғасы маған ерекше әсер етті. Сондықтан осы фильмнің бір қатысушысы болғым келді. Жобаға қатысқанымды мақтан етемін», – деді.
Фильмді Латын Америкасы, Жаңа Зеландия, Германия, Аустралия мен Азияда көрсету құқығы Sony компаниясына тиесілі. 20th Century Fox Animation картинаға ремейк түсіру туралы келісөздер жүргізіп жатыр. Бірақ бұл идеяны жүзеге асыру үшін Sony Pictures компаниясының келісімі керек. Екеуі бәсекелес болғандықтан, әзірге болашағы белгісіз. Деректі фильм негізінде анимациялық фильм жасау құқығы 2 миллион долларға бағаланып отыр. Бұл құқық аясына, сондай-ақ, әлемнің бірқатар елдеріне тарату мүмкіндігі де кіреді.
Айшолпан қазір Баян-Өлгий қаласындағы Моңғол-Түрік колледжінде 10-сыныпта оқиды.
1 қараша күні «Қазақстандық бүркітші қыз» деп мақала жариялаған «New York Times» екі күннен кейін қателескендерін жазып, Моңғолияда тұратын қазақ қызы екенін айтып, түзету жариялады. Фильм туралы басқа да әлемдік БАҚ жазып жатыр. Кейбірі Айшолпанды «ғасырлар дәстүрін бойына сіңірген ару» атады.
Айшолпанды ұяң, нәзік әрі батыр қыз деген North West Herald америкалық басылымы «Бұл фильм көрерменді Айшолпанның әлеміне апарады. Айшолпан өскенде дәрігер болуды армандайды. Бірақ бүркітшілікті тастағысы келмейді. «Бүркітші қыз» – жастарға шабыт беретін, әсерлі пейзажымен жүректерге жылу беретін фильм» деп жазды.
Daily News «Моңғолияның батысындағы Алтай тауларында түсірілген фильм бүркітпен саятшылық жасау дәстүрін көрсетеді. Бұл көшпенді қазақтардың ұрпақтан ұрпаққа мұра етіп келе жатқан өнері. Айшолпан – осы дәстүрді меңгерген ерекше қыз» деп жазды.
Айта кетейік, Отто Белл «Бүркітші қызды» «Оскарға» ұсынғалы отыр.
Авторы: Гүлнұр Қуанышбекқызы
Дереккөз: «Егемен Қазақстан»