- Негізгі бет
- Кино
- "Бүгінгі француз киносы"...
"Бүгінгі француз киносы" фестивалі биыл оныншы мәрте өтеді
11 және 14 сәуір аралығында Алматыда көрерменге француз кинематографының ең жаңа жауһарларын ұсынатын, жаңа хикаялар мен француз актерлерінің тамаша ойынын тамашалауға шақыратын мерейтойлық оныншы "Бүгінгі француз киносы" кинофестивалі өтеді.
Биылғы бағдарламаға кірген фильмдер әртүрлі жанрларды: комедияны, мелодраманы, тарихи киноны және "Қысқа метр" бағдарламасын қамтиды."Қазіргі француз кинематографы бұл өзіндік құндылықтары, өзіндік атмосферасы бар кино", - дейді Өнертану докторы, Қазақстанның киносыншылар қауымдастығының президенті Гүлнәр Әбікеева. Қазір біз зорлық-зомбылық, кісі өлтіру көп қылмыстық кино дәуірінде өмір сүріп жатырмыз.
Ал француз киносы бұрынғыша жанға жылу сыйлайтын күйінде. Және бұл тек комедияларға немесе мелодрамаларға ғана қатысты емес. Биылғы бағдарламада "Аманданың жаңа өмірі" деген драма бар. Онда 24 жастағы жігіт өз әпкесінің өлімінен кейін 7 жасар немере қарындасына бас-көз болып қалады. Бұл осыған дейін тек мансабымен және қыз-қырқынмен қарым-қатынасымен бас қатырған жас жігіттің өмірін баяндаудағы жаңа тәсіл. Күтпеген жерден жас жігіт кішкентай қызға әке де, ана да болуы керек. Маған француз киносының жылулық сыйлайтыны ұнайды. Және француз киносында тамаша актерлер ойнайды. Айтқандай, биыл көрсетілетін фильмдерде жаңа актерлердің есімдері көп болады.
Фестивальге міндетті түрде фильмді түсірушілер – француз кинематографистері келеді. Фестивальдің ашылуы мен жабылуы, сонымен қатар негізгі көрсетілімдері UniFrance агенттігі мен оның серіктестері – Францияның Қазақстандағы елшілігі және Алматыдағы Француз альянсы ұйымдастырған фестивальдің басты алаңына айналған «Арман» киноорталығында өтеді.
А. Оралқызы