Бүгін «Мәдениет» телеарнасына – 2 жыл толып отыр

Бүгін «Мәдениет» телеарнасына – 2 жыл толып отыр

«Мәдениет» телеарнасы – мәдениеттіліктің айнасы. «Ел болам десең бесігіңді түзе» деген әдемі нақылдың астарында мәуелі бақтың жемісіндей ұғым жатыр. Иә, біз бесігімізді түзеу үшін, ең алдымен мәдениеттің бәйтерегін саялауымыз ләзім. Қазақ даласының қоржыны ән, күй, би, одан қала берді сыры терең байлық көзі мен тылсым әуен сыйқырына да қанық. Бояуы кеппеген суретшілердің астарлы, құнды бояуларынан ерекше шабыт аласың. Ақын-жазушылардың құнарлы, қағидалы сөздерінен бұйдалы сөз есесің. Міне осының бәрі де халықтың мәдениетінен сыр шертеді.

Алматы – өнер ордасы. Әнін әуелетіп, күйін күмбірлеткен қазақ даласының қайнаған қазанындағы өнер майталмандарын осы жерден таба аласыз. 2011 жылдың 26 қыркүйегінен бастап, кабелді телевизия арқылы эфирге тұңғыш рет «Мәдениет» телеарнасы жарыққа шықты. Тәулігіне 16 сағат эфирде көрерменнің көзайымына айналып отырған жайы бар. Қазақстан телеарнасының базасында шығарылғанымен, бұл негізінен тәуелсіз, дербес арна. Телеарнаның көздеген мақсаты айқын, ұстанымы берік.

Телеарнаның шымылдығы ашылғаннан байқағанымыз, халық қазынасын, елге қайтадан өңдеп, жырлап, сырлай отырып, әлемдік және отандық мәдени жауһарларды таныту. Қазақстанның тарихи және мәдени мұрасын сақтай отырып, тілдік ортаны дамыту, рухани құндылықтардың ара-жігін ажырата насихаттау. Көрерменнің талғамын көтеріп, жан-жақты, танымдыққа баулып, құштарлығын қанағаттандыра отырып, арттыру болып табылады.

«Мәдениет» арнасы – «Мәдениет», «Ретро», «Тарих», осы үш бағытты біріктіру арқылы таралып, танымдық және мәдени-ағартушылық міндеттерін орындап жатыр. Арнада отандық және шетелдік ең үздік дүниелер көрермендерге жол тарту үстінде. Ағартушылық, тарихи-өмірбаяндық, ғылыми-танымдық тележобалар, өнер жайлы бағдарламалар, опера және концерттер, телеспектакльдер және балет қойылымдары, деректі және көркем фильмдердің үздіктері, халықтық дәстүрлі өнердің маңдайалды тұлғаларының бейнесін көріп, шоқтығы биік арнаның өзін армандап жүрген қазақ елі бір сусындап-ақ жатыр.

Телеарнаның аясында заман сұранысына сай жаңа жобаларды дүниеге әкелу болашақ жоспарда. Мәселен; ток-шоу, телевизиялық музыкалық және драмалық қойылымдар, деректі және көркем фильмдер, сериалдар және түрлі жанрлардағы арнайы жобалар. Бұл бағдарламалардың барлығы көрерменнің таным көкжиегін көтеруге, дүниетанымын өсіруге, сұранысын қанағаттандыруға және еліміздің рухани құндылықтарын сақтауға септігін тигізеді.

Қазақстанның мәдени өмірі сан қырлы. Күн сайын – концерт, тұсаукесер, жаңа жоба, жаңа жұлдыз еімдері толассыз шығып жатыр. Әлемде қазақ топырағын баспаған өнерпаз кемде-кем. Елімізде өнердің қаншама жаңа тың бағыттары жарыққа шығып, жол тауып жатыр. Әсіресе, Астана мен Алматының қарқынды мәдени өмірі осы арнаның ауанында өрілмек.

«Мәдениет» телеарнасын айшықтап жатқан бағдарламалар саны да өсіп келеді. Көңілге көрік, ойға қуат, өмірде сабақ алар бағдарламалар санының өскені де талғамы жоғары көрерменге ауадай қажет.

Танымдық «Жүздесу» бағдарламасы қазақ  әдебиетіне, мәдениетіне үлес қосқан қаншама тұғырлы тұлғаларды жинап, еркін әңгіменің алаңында тоғыстырады. Олардың ұлағатты өмірінен алынатын өнеге өте көп. Ісі үлгі, өмірі өнеге кісілердің кешінен сабақ алып, әсерлі күйде қайтатынымыз ақиқат. Ақын, жазушы, композитор, суретші, режиссерлер бұралаңы көп өнер жолындағы белестерін өмір баспалдағына енді шығып келе жатқан жастарға өздері баяндап береді. Тыңдаушылардың басым дені – Жоғары оқу орнының студенттері болып табылады.

Бағдарламаға қатысқан жастардың бойында қазақ өнеріне, мәдениетіне, әдебиетіне деген сүйіспеншілік пен құрметті ояндырып, ынталандыру. Негізгі мақсат бүгінгі қым-қуыт заманда өскелең ұрпақтың санасына ізгі ойды себелей отырып, оларға дұрыс жолды нұсқау. Ұлтының ұлағатын қастерлеуге, қадірлеуге, сабақ алуға шақыру. Әрбір өнердің артында төгілген тер мен өнерге деген өлермен махаббат бар екендігін ұғындырумен дәлел. Бүгінгі жастар – ертеңгі болашақтың тұтқасын ұстар бір-бір азамат. Өнері жоқ елдің ертеңі жоқ. Сондықтан, келешектің қолына қазақтың аяулы өнерін, мәдениет, әдебиетін үкілеп, лайықты ұсына білу арқылы бағдарламаның аясын кеңейту болмақ.

Тарихи-танымдық бағдарлама «Сол жылдар». XX ғасырдың 20 жылдарынан  бастау алған Қазақстанның  мәдениеті жайлы тарихи-талдау, танымдық саралау. Бағдарлама зерттеу жанрында құрылады. Негізгі кейіпкерлер – отандық мәдениеттің қалыптасуына, дамуына ат салысқан тұлғалар. 1958 жылы қазақ телевизиясы құрылды. Осы қазақ телевизиясының қалыптасуын өзек ете отырып, бір жылдың мәдени тарихына шолу жасалады. Мысалы, 1967 жылы «Досмұқасан» ансамблі дүниеге келді. «Досмұқасан» қазақ эстрадасына жаңа серпіліс әкелді. Бір ғана осы ансамбльдің төңірегіне сол жылдардағы қазақ эстрадасының дамуы мен шарықтауына барынша тоқталып өту. Яғни, негізгі мақсат – еліміздің 1920 жылдан бергі мәдениет тарихындағы елеулі оқиғаларды ескеру арқылы, отандық мәдениеттің тарихын түгендеу, тереңіне үңілу.

«Ғасырлар пернесі» бағдарламасы барысында қазақтың ғажайып дәстүрлі музыкалық шығармалары мен түркі мәдениетінің озық өнер туындылары орындалады.

Қазақ музыкасының оның ішінде дәстүрлі музыканың ғасырлардан жеткен бабалар сәлеміндей құнды дүние екендігі даусыз. Өткенімізге үңіліп, өшкенімізді жаңғырту арқылы ғана біз болашағымызға дұрыс бағдар жасай аламыз. Сондықтан, бүгінгі жаһандану заманында ұлт мәдениетінің келешегі бірінші боп толғандыру керек.

Танымдық-ағартушылық «Кітапхана» бағдарламасында құнарлы сөздің қасиетін сездірген кітап әлеміне саяхат жасаймыз. Қазіргі заманғы әдебиеттану ғылымында қазақ әдебиетінің тарихын негізгі екі бағытта бағалау байқалады. Олар: өз алдына дамып келе жатқан 17 ғасырға дейінгі қазақтардың көнетүркілік ауызша және кәсіби әдебиеті, екіншісі, жаңаша классикалық жазба әдебиет. Бағдарламаның негізгі өзегі – қазақ әдебиетінің кеңінен танымал шығармалары мен көне жәдігерлер жайлы осы сала мамандарының пікірлері. Жалпы ниетте, көрермен назарына қазақ әдебиетінің ғажап туындылары жайлы жаңаша тың деректер ұсына отырып, ғаламтор жаулап алған жастар санасын кітаптың қадіріне, құндылығына беттету.

Танымдық-публицистикалық «Өркениет» бағдарламасы қазақтың зиялы қауым өкілдерінің пікірталас алаңы. Бағдарламаға жазушылар, музыканттар, әртістер, белгілі басылымдардың бас редакторлары қатысып, бір сәт бас қосып, қоғамның жаһандану үрдісіндегі мәселелерінен сыр тартады.

Танымдық бағдарлама  «Қыл қалам». «Қазақстан суретшілерінің антологиясы» — бұл сонау Әбілхан Қастеевтен бастап, бүгінгі жас шеберлерге дейін қысқаша жинақталған қазақстандық суретшілердің телеэнциклопедиясы іспеттес. Әлемнің айтулы қыл қалам шеберлерінен қазақстандық суретшілердің артық болмаса кем түспейтіндігін насихаттау болмақ.

Музыкалық танымдық «Әлі есімде» бағдарламасы. Ән – халықтың жүріп өткен жолдары мен тағдыр- талайынан сыр шертетін шежіре. «Елу жылда ел жаңа». Әр заманда өркениет әлемі өз әуенін талап етеді емес пе. Дәл осы заңдылықтың негізінде өткен ғасырдың 60-жылдарынан бастап, А.Жұбанов, Ә.Еспаев, Қ.Мусин, Б.Байқадамов, С.Мұхамеджанов, Б.Жамақаев, Ш.Қалдаяқов, Ә.Бейсеуов, Н.Тілендиев, С.Байтереков, К.Дүйсекеев, Е.Хасанғалиев сынды көптеген талантты композиторлардың шығармалары ұлттық музыка мәдениетіне жаңаша леп әкелді. Және осы тұста  біршама күміс көмей, жез таңдай бұлбұл әншілер халыққа танылды. Ақын, композитор, әншілердің шығармашылық бірлігінен туып, тыңдарман жүрегінен орын алған тамаша туындылар музыка сыншылары, журналисттер мен режиссерлердің зерттеп, зерделейтін негізгі нысанына айналды. Және Қазақстан эстрадасының ауқымы тек қазақ әндерімен шектелмеді, олар тіпті идеологиялық шеңбердің шегінен шығып, бұл жанрдың нағыз шедеврлерін жасады.

Нәзік лиризмімен, ғажайып қуаттылығымен, ана тілді әсем  әуезімен бағаланатын, уақыт өткен сайын құлпырып, жасампаздығымен жаңаратын қазақтың эстрадалық музыкасын насихаттау. Сол арқылы жас ұрпаққа ұлтымыздың ұлы дарындары жайлы мағлұмат беру.

«Алтын көмбе» әдеби-зияткерлік ойыны да көрермен көзайымына айналып үлгерді. Халықты, әсіресе жастарды кітап оқуға үндеп, білім-біліктілігін арттырып, өнер кемесімен жүзіп жүрген өнерпаздарды, жас жеткіншектерді, білімнің жолында жүрген жас пен жасамысты қатыстырып, ойынның кілтімен білім бағдарын бұрап, көңілді серпу болып табылады.

P.S

Мәдениет арнасының ақ шымылдығын ашқан аталмыш бағдарламалардан өзге де көп бағдарлама тұсауын кесті. Айшықты, көрерменнің талғамынан шығып жатқаны да баршылық. Қазақ еліндегі әр үйдің төрінде қосылған «Мәдениет» арнасы мәдениеттіліктің символын жоғалтпай, көрермен қуана қауышар ұлт арнасына айналсын!

Жаннат ҚАСЫМБЕКОВА

журналист

А. Құлтай