Халықаралық кино күні – таңғажайып өнердің қызметкелері кинематографистер мен кино сүюші көрермендердің төл мерекесі.
1895 жылдың 28 желтоқсанында Париж қаласындағы Капуцинок бульварында ағайынды Луи және Огюст Люмьерлер адамзат тарихындағы тұңғыш киноны көрсетеді. Дәл осы күн Халықаралық кино күні болып белгіленді.
Осыдан аз уақыт бұрын, дәл сол 1895 жылы жоғарыда аталған Люмьерлер "Синематограф" аппаратын жасауға патент алған болатын. Олар 22 наурыз күні тек жақын достарын жинап, ең алғашқы түсірген жұмыстарын жариялайды. Бұл қысқа лентаның аты – "Жұмысшылардың Люмьер зауытынан шығуы" деп аталған.
Соған қарамастан кино желтоқсанның жиырма сегізінші жұлдызына қожайын болды. Себебі, Капуцинок бульварында көрсетілген кино тұңғыш қысқаметражды әрі әлдеқайда жетілген фильм еді. Атауы – "Пойыздың Ла Сьота вокзалына келуі". Сонымен қатар, осы фильм алғаш рет көрермендерге ақылы түрде көрсетілді.
Адамзат тарихындағы ең алғашқы фильмді тамашалаңыз:
Ол замандағы оқиғаларды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Жиналған қауым Луи және Огюст Люмьерлердің "Пойыздың Ла Сьота вокзалына келуі" фильмін көріп, пойыз басып кете ме деген оймен тұра қашқан екен. Олар экранға қарауға қорқатын.
Қазақ жерінде кино Қазан төңкерісінен кейін пайда болды. Қазақ киносының алғашқы туындысы – «Амангелді» деп аталды. «Ленфильм» студиясында түсірілген көркем фильм ұлт батыры Амангелді Иманов туралы болатын. Фильм режисері – Марк Левин, ал, Амангелдіні сомдаған әртіс – Елубай Өмірзақов.
Одан кейін “Абай әні” (1946), “Шоқан Уәлиханов” (1957), “Қыз Жібек” (1972), “Сұлтан Бейбарыс” (1989), “Отырардың күйреуі” (1992), “Махаббат бекеті” (1993), “Жамбылдың жастық шағы” (1996), Қанатты сыйлық” (1956), “Менің атым – Қожа” (1963), “Қызыл тас заставасы маңында” (1969), “Көксерек” (1973), “Алпамыс мектепке барады” (1976), “Балалық шақтың кермек дәмі” (1983), “Сүйрік” (1984), “Ауылым Алатаудың баурайында” (1985), секілді фильмдер түсіріліп, қазақ киносының алтын қорына енді және әлі күнге дейін жалықпастан көретін сүйікті фильмдеріміздің қатарында тұр.
1941 жылы 12 қыркүйекте Алматыда көркем фильмдер шығаратын киностудия ұйымдасып, 1944 жылы ол Алматының көркем және деректі-шежірелік фильмдер студиясы (1960 жылдан «Қазақфильм») деп аталды. Дәл осы мерейлі күнді, яғни, 12 қыркүйекті 2005 жылы Қазақстан кинематографистер одағының төрағасы Бауыржан Нөгербеков «Қазақ киносының күні» деп атауды ұсынған болатын. Сол уақыттан бері бұл атаулы күн тойлануда.
Жалпы кино сөзі грек тілінен аударғанда "kіneo" – "жылжытамын", "жылжимын" деген мағынаны береді. Бұл – өнердің бір саласы, кинематографияның техникалық негізде қалыптасқан көркем шығармашылық түрі. Кинотанушылар қауымы әлемдік кино дамуын 4 кезеңге бөліп қарайды:
*алғашқысы – тұңғыш киноның шыққан жылы (дыбыссыз, астына жазылған мәтіндер арқылы көрсетілетін фильмдер);
*екіншісі – 20 ғасырдың басынан басталды, бұл – дыбыссыз (“мылқау”) киноның өз алдына өнер болып қалыптасқан кезі (КСРО-дағы С.М. Эйзенштейннің “Потемкин” бронды кемесі” (1925), “Қазан” (1927), В.И. Пудовкиннің “Ана” (1926), “Санкт-Петербургтің ақыры” (1927), А.П. Довженконың “Арсенал” (1928), т.б фильмдері мен шетелдегі Ч.Чаплиннің, Э. Штрогеймнің, К.Видордың фильмдері);
*үшіншісі – 20 ғасырдың 30-40 жылдарын қамтиды, бұл кезде кинотаспаға дыбыс жазу техникасы игерілді ( Кеңес кинематографистері Ф.М. Эрмлер мен С.И. Юткевичтің “Жолығыс” (1932), Г.Н. және С.Д. Васильевтердің “Чапаев” (1934), Г.М. Козинцев пен Л.З. Траубергтің “Максим туралы трилогия” (1935 – 39), Е.Л. Дзиганның “Біз Кронштадтанбыз” (1936) т.б);
*төртіншісі – 2 дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін басталды, бұл кезде кинотехниканың жетіле түсуімен бірге, кино өнеріндегі көркемдік тәсілдер де молайды, яғни, түрлі-түсті кино түсіру тәсілі жүзеге асты.
Бүгінде киноның деректі, публицистикалық, көркем сынды жанрлары қалыптасқан. Әлемдік деңгейдегі "Канн" ("Алтын бұтақты пальма"), "Венециялық халықаралық кинофестиваль", ағайынды Люмьерлер атындағы "Берлинале" фестивалі, "Оскар" фестивалі өткізілсе, Қазақстанда "Шәкен жұлдыздары", "Еуразия", "Бастау" және "Дидар" (студенттер фестивалі) фестивальдері ұйымдастырылып тұрады.
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Сурет: kinofilms.tv,kinostan.kz