- Негізгі бет
- Кино
- Бірге жұмыс істеу...
Бірге жұмыс істеу мүмкін емес Голливуд режиссерлері
Кейбірі белгілі режиссерлермен жұмыс істеуді армандаса, енді бірі олармен танысқан сәтті ұмытқысы келеді. Кино саласы зор еңбекті керек етеді. Режиссердің қадағалауынан басталатын жұмыс, актердің ойыны арқылы көрерменге жетеді. Кейде ең жақсы фильм режиссерлерін мақтап, оларды өз ісінің маманы деп жатамыз. Дегенмен жақсы маман жайлы адам дегенді білдірмейді. Бүгін қырсық, перфекционист әрі өз ойлағанын іске асырмай қоймайтын, бұған қол жеткізу үшін ешкімнің көңіліне қарамайтын, мінезі ауыр Голливуд режиссерлерімен таныстырамыз.
Алехандро Гонсалес Иньярриту
Алехандро Гонсалес Иньярриту "Аман қалған" фильмін түсіру барысында
Иньярриту – Леонардо Ди Каприоға көптен күткен "Оскарға" жол ашып берген режиссер. Бірақ актердің бұл жолы біз ойлағандай оңай бола қойған жоқ. Түсірілім барысында талаптар күшейе түскен. Сәйкесінше түсірілім алаңында жұмыс істеп жүргендердің де біраз жүйкесі жұқарғанға ұқсайды. Иньярриту мен оператор Эммануэль Любецки фильмді тек хронологиялық ретпен түсірген. Оның үстіне тек табиғи жарықты қолданған. Түсілім жұмыстарына қатысушылар үшін бұл ұзаққа созылатын әрі қиын үрдіс. Жеткілікті қар мен үйлесімді жарықты табу, түсірілетін аймақтарды іздеу жұмыстары, боран мен аяз – бұның бәрі әсер етпей қоймады. Жұмыс барысында кикілжіңдер туып, талай қызметкер жұмыстан кеткен. Кейін Голливудта "Аман қалған" (Выживший) фильмін "жердегі тозақ" деп те атады. Бірақ режиссер өз жұмысын жоғары бағалап, өзіне ренішін білдіргендерге: "Егер хромакеймен түсіріп, жылы кофе ішіп, уақытты қызықты өткізсек бәрінің көңілінен шығар едік. Бірақ жақсы фильм шықпаушы еді", – деп жауап берді.
Уильям Фридкин
Уильям Фридкин "Жыннан құтылу" фильмінің түсірілімі кезінде
"Жыннан құтылу" (Изгоняющий дьявола) фильмі хоррор жанрындағы фильмдерге жаңашылдық әкелген болатын. Фильм поп-мәдениеттің айнымас бөлігіне айналды. Ал режиссер Уильям Фридкин болса бұл бағыттағы фильмдер үлгісінің "атасы" атанды. Бұған қол жеткізу үшін режиссер актерлерді шынайы қару дыбысымен қорқытқан. Осылайша нағыз "қорқыныш" түрлерінен байқалады деп сенген. Түсірілім барысында бірнәрсе ұнамаса қолына түскен затты лақтыра салатын болған. Егер көрермен экрандағы оқиғадан қорықса, түсірілім тобы үшін ең қорқынышты режиссер болған. Актер Эллен Бёрстин Фридкиннің әдейі оның өтінішін аяқ асты еткен естелігімен бөліскен. "Бір сахнада мен құлауым керек еді. Нақтырақ айтсақ, мені арнайы арқанмен жерге лақтыру керек болатын. Мен Уильямға арқанның қатты тартылып тұрғанын және құласам жарақат алуым мүмкін екенін айтып, абайлап жұмыс істеуін сұраған едім. "Жарайды" дегенімен, мені жерге бар күшпен лақтырды. Нәтижесінде омыртқамды ауыртып алдым. Әлі күнге дейін салдары байқалады" ,— деп еске алды.
Оливер Стоун
Оливер Стоун мен Блейк Лайвли түсірілім барысында
Оның жұмыстары бақандай үш рет "Оскар" сыйлығын иемденді. Бірақ Мұндай атақ алу үшін режиссер тек талантты ғана емес, талабы да күшті болуы тиіс. Атақты актриса Блейк Лайвли "Мен Оливер Стоунмен жұмыстан кейін аман қалдым" деген жазуы бар жейде киіп жүруі де текке емес. Актер Джейми Фокс болса режиссер туралы оның өмірінде кездескен ең қатал адамдардың бірі ретінде сипаттаған. Стоун актерлерді "Ортадан төмен деңгейлі актер екеніңді түсініп тұрған шығарсың?" деп "шыңдаған". Қанша жерден онымен жұмыс істеу қиын болса да, актерлер оның қатаңдығы мен әділеттілігі қатар жүретінін алға тартады. Намысқа тырысып жұмыс істеу арқылы, бүгінгі жетістікке жеткенін де мойындайды.
Ларс фон Триер
Ларс фон Триермен жұмыс істеген актерлер арасында оны жақтайтын адам табу қиын. Тіпті әнші Бьорктің өзі ешқашан Триермен жұмыс істемеймін деп өзіне серт берген. "Догвилль" фильмінде бас кейіпкерді сомдаған Пол Беттани фильмді нашар естеліктер үшін мүлде қарамағанын айтады. "Актер ретінде жұмыстың қалай жүріп жатқанын білгім келеді, бірақ ол менімен сөйлескен жоқ. Мен Ларстың фильмдерін жақсы көремін, ол – өте талантты режиссер. Бірақ оны актердің пікірі мүлде қызықтырмайды. Ол тек камера сыртында тұрып, "бүйт-сүйт" деп бұйрық береді. Сонымен командалық жұмыс аяқталады. Ол өз болмысы арқылы түсірілім алаңында өзінің суретші екенін, ал біздің тек оның көмекшісі екенімізді көрсеткендей болды", – деп сұқбатында өзінің түйгенімен бөліскен.
Дэвид Финчер
Дэвид Финчер "Зодиак" фильмінің түсірілімі кезінде
Перфекционист және бірнеше дубльді жаны сүйетін режиссерлер арасында бірінші орынды Дэвид Финчер алады десек қателеспейміз. Оның рекорды 70 дубль болған. "Зодиак" фильмін көрген болсаңыз, ондағы әр сәт егжей-тегжейлі ойластырылғанын байқайсыз. Бұл сол бірнеше дубльдің арқасында екенін де естен шығармаған жөн. Роберт Дауни-кіші режиссерді "өз қағидасынан таймайтын" адам ретінде сипаттады. Джейк Джилленхол болса оны "бояу орнына адамдарды пайдаланатын" суретшіге теңейді. Джилленхол "70 дубль жүйесінің" бар ауыртпалығын өзіне алған. Бірнеше дубль түсіру психикалық және физикалық тұрғыдан өте ауыр. "Сіздің көзіңізше түсірілім жұмысына сағаттар кеткен соңғы ондаған дубльді бірер сәтте өшіріп тастаса қандай сезімде боласыз? Бұл, әрине, кез келген актер үшін үлкен соққы" — деп актер өз ренішін білдірген.
Джеймс Кэмерон
Джеймс Кэмерон мен Сэм Уортингтон "Аватар" филмінің түсірілімі барысында
Блейк Лайвлидің жейдесі кино индустриясындағы алғашқы жағдай емес. Джеймс Кэмеронның әріптестері "Мен Кэмеронмен жұмыс істедім: енді ешнәрседен қорықпаймын" деген жазуы бар жейде киіп жүрген. Кэмерон ылғи актерлерге, оператор, тіпті кез келген адамға дауыс көтеріп, оларды кемсітуі арқылы танымал. Түсірілім кезінде ұялы телефон қолдануға тыйым салған. Ұстап алса, оны сындырып тастаудан тайынбаған деседі. Кэмеронның дегеніне жетпей қоймайтын қасиетінің күштілігі соншалықты, ол кез келген нәрсені құрбандыққа шалуға дайын. "Титаник" фильмінің түсірілімі кезінде Кейт Уинслетке суық тиіп, тұмауратып, тіпті сүйегін сындырып та алған. Эпизодтардың бірінде Уинслет тұншығып қала жаздаған. Соған қарамастан түсірілім жұмыстары жалғасқан.
Дэвид О. Расселл
Эми Адамс пен Дэвид О. Рассел "Америкалық қулық" фильмінің түсірілімінде
Өмірі ашуын жұрттан алып, көмекшілерін жылатып, қолына түскен затты лақтырып, актерлерді боқтап кейде тіпті төбелесетін режиссер – Дэвид Расселл. Бәріне Рассел мен Джордж Клуни арасындағы жанжал мәлім. Олар "Үш патша" (Трех королей, 1999) кезінде төбелескен. Актриса Эми Адамспен "Америкалық қулық" (Аферы по-американски, 2013) кезінде қатты сөзге келгені соншалық, өзгенің ісіне араласуды құп көрмейтін актер Кристиан Бэйл де жанжалға кіріскен. Эми Адамс түсірілім жұмыстары туралы: "Маған түсірілім жұмыстары қатты қиын болды. Ыңғайсыз жағдай күнде болмаса да, жиі қайталанды. Дженнифер Лоуренс те солай сезінген шығар. Бірақ ол сыр бермеді, оның мінезі қатты. Бірақ мен ондай емеспін. Адамдармен дәл осылай қарым-қатынас жасайтынына төзе алмадым. Маған ұнамайды. Маған фильмге қарағанда, өмір маңызды", — деген.
Бұл режиссерлердің қай жұмысын жақсы көресіз?
Т. Есқали