Қазақ киносының қатары «Бір сен үшін...» атты жаңа фильммен толықты. 24 сәуірде Алматыда фильмінің жабық көрсетілімі болып, өнерсүйер қауым алдында тұсауы кесілді.
Фильмнің тұсаукесер көрсетіліміне Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек арнайы келді. Көрсетілімге актер Асанәлі Әшімов бастаған өнер қайраткерлері, әншілер, актерлер, БАҚ өкілдері қатысты. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты Азамат Сатыбалды мен актриса Зарина Карменовалар басты ролдерін сомдаған «Бір сен үшін...» туындысының көрсетілімінде көз жасына ерік бергендер болды, фильм аяқтағаннан кейін көрермен қауым ұзақ қол соғып, қошемет білдірді.
Фильм продюсері Азамат Сатыбалды: «Қазақстан әлемде ажырасудан 27-орын алады екен. Оның көбі – жастар. Неге екенін зерттедік біраз, сөйтсек қазір біздің жастарда үміт жоқ екен, сенім жоқ, арман жоқ, махаббат жоқ. Сондықтан да біз жастарға ой салатын отбасы туралы фильм түсіруге ниеттендік. Мені қолдаған барша әріптесіме алғыс айтамын. Кино – көптің еңбегі. Біз бұл фильм арқылы табыс табуды көздеген жоқпыз, ондай ойымыз болса, әуреленбей комедия түсірген болар едік», - дейді. Оның айтуынша туынды өндірісіне негізінен дебютанттар қатысқан. Өзекті отбасылық мәселелерді қамтыған фильмнің ұзақтығы – 98 минут. Фильм негізінен Алматы қаласында, Алматы төңірегінде, өткен жылдың жаз маусымынан бастап түсірілген.
Фильмнің өндірісі кезінде Азамат Сатыбалды продюсер, Ардақ Төлеубай режиссер ретінде алғаш рет бақ сынаса, композиторы Ұшқын Жамалбек, сценарий авторы Ләззат Түлкібаева, қоюшы операторы Жантай Қыдырәлиев болған. Ал қоюшы суретші жұмысын Назира Байбекова атқарған.
Қалың көрерменнің есіне сала кететін болсақ, «Бір сен үшін» мелодрамасы 27 сәуірден бастап айналымға шығады.