Бір ғана актер ойнайтын фильмдер

Бір ғана кейіпкермен шектелетін фильмдер – киноиндустрияның ең қиын әрі ерекше бағыты. Дұрыс таңдалған актер ғана фильмнің болашағын айқындай алады. Бір ғана актермен жұмыс істеу бірнеше адамнан құрылған құраммен жұмысқа қарағанда қиын. Өйткені, бірнеше адам бар кезде біреудің қатесін өзге біреу жасыра салса, бұл жерде барлық гәп анық байқалады. Бүгін фильмнің бар жүгін бір актер ғана алып шығатын  фильмдер топтамасын ұсынамыз.

Тірідей көмілген / Buried  / Погребенный заживо
Шыққан жыл: 2010
Ел: Испания, Ұлыбритания, АҚШ, Франция
Режиссер: Родриго Кортес

Родриго Кортестің триллері жабық кеңістіктен қорқатындарға арналмаған. Фильмнің бас кейіпкері Пол Иракта әскери қызметте жүріп, өзге сарбаздармен бірге қарсыластарының торуылына түсіп қалады. Есінен танып қалған ол жер астындағы табытта есін жияды. Ол бірден ауа қоры тек бір жарым сағатқа жететінін, өзімен бірге телефон мен тұтатқышы бар екенін түсінеді. Кортес психологиялық драмамен қоса, кейбір әлеуметтік сұрақтарды (АҚШ билігінің әскери кикілжің кезіндегі өз азаматтарына деген қарым-қатынасы) көтереді. Одан бөлек, актер Райан Рейнольдстің шеберлігі көрерменді еріксіз елітіп алады. Көрермен өзін кейіпкердің орнына қояды. Фильмді қарап болған соң, әрбір адам өзінен "оның орнында болсам не істер едім?" деп сұрайды.

127 сағат / 127 Hours  / 127 часов 
Шыққан жыл:
2010
Ел: Ұлыбритания, АҚШ, Франция
Режиссер: Дэнни Бойл

Алты номинация бойынша "Оскар" жүлдесін иеленген драма болған оқиға негізінде түсірілген. Саяхатшы Арон Ральстон айдаладағы каньондарды зерттеп жүріп, тар шатқалдың арасында қалып қояды. Үлкен тас оның оң қолын басып қалады. Ральстон бес күнін сусыз, ұйқысыз, тамақсыз өткізеді. Оның бұл аймаққа кеткенін ешкім білмейді. Өлім аузынан қалған ол  кейін өзінің автобиографиялық кітабын жарыққа шығарады. Кітап бестселлер болса, оның сюжеті бойынша фильм түсіріліп, басты рөлді сомдау Джеймс Франкоға бұйырады.

1408
Шыққан жыл: 2007
Ел: АҚШ
Режиссер: Микаэль Хофстрём

Стивен Кингтің әңгімесінің желісі бойынша түсірілген фильмнің басты кейіпкері – жазушы Майк Энслин. Ол мистикалық құбылыстарды зерттеумен айналысады. "Дельфин" қонақ үйіндегі 1408 нөмірлі бөлменің "қарғысқа толы" хикаясын естісе де, сол бөлмеде түнеп шығуды ұйғарады. Бірақ, кейін бармақ тістеп қалады. Майктың рөлін Джон Кьюсак сомдайды. 

Саяқ / Cast away  / Изгой
Шыққан жыл: 2000
Ел: АҚШ
Режиссер: Роберт Земекис

Басты рөлді Том Хэнкс сомдайтын, Роберт Земекистің фильмдерінің бірі FedEx авиакомпаниясының жеткізу қызметінде жұмыс істейтін Чак Ноланд туралы. Апаттан кейін тірі жансыз аралда төрт жылдан аса уақытын жалғыздықта өткізеді. Фильмде өзге де кейіпкерлер бар. Бірақ, негізгі оқиғалар Чактың аралдағы өмірімен тығыз байланысты. Осы сынға толы шақта оның жақын досы "Уилсон" атты волейбол добы болады.

Барынан айырылу / All Is Lost  / Не угаснет надежда
Шыққан жыл: 2013
Ел: АҚШ
Режиссер: Джей Си Чендор

Үнді мұхитында жалғыз қалған ер адам жайлы оқиға өте қызықты түсірілген: фильмде диалог мүлдем жоқ (Роберт Редфорд сомдауындағы кейіпкер анда-санда өз-өзімен тілдеседі). Аты жоқ кейіпкердің кемеге мініп мұхитқа жалғыз аттануына не себеп болғаны да белгісіз, есесіне кеменің суға кетуін, оның үрмелі "сал" арқылы тамақсыз, сусыз мұхит ортасында қалуын, одан бөлек, акулалар шабуылын көреміз. Оның әлеммен тілдесуі отбасына арналған хат арқылы көрсетіледі. 

Бүгінге фильмдер топтамасы осындай. Қай фильм көңіліңізден шықты?