- Негізгі бет
- Кино
- Бөлмені кинотеатрға айналдырыңыз......
Бөлмені кинотеатрға айналдырыңыз...
Фильм көрмейтін адам сирек. Ұнатқан киноны үлкен экраннан көрудің өзі қандай рахат! Әсіресе, кинотеатрдың үйде болғанына не жетсін?
Біраз ақыл-ойыңыз бен фантазияңызды қоссаңыз, үйде үлкен экран құру қиын жұмыс емес. Үлкендеу бөлмені тауып, соны сәндеп, дизайнын жөндеу қалды. Әсіресе, жарығына көп мән берген жөн.
Төбеге жарық орнату түк емес. Қазір кез келген қалада керілмелі төбе орнатумен айналысатын мамандар бар. Қалаған түсіңіз бен орнатқыңыз келген шамдарды түгел жасап береді. Ал егер оған қаржы құтқыңыз келмесе, құрылыс дүкендерінде сатылатын, тез жабыстыруға болатын жұлдызшаларды алып іліп қоюға болады.
Кинотеатрдың басты құралы – ірі экран екені белгілі. Үйдегі кинотеатрдың да басты бөлігі – бұл үлкен экран.
Бұл да қиын шаруа емес негізі. Электроника дүкендерінде экраны үлкен теледидардың түр-түрі толып тұр. Бүкіл қабырғаны жауып тұратын теледидарды да табуға болады.
Не болмаса, проектор тауып, оны да орнатсаңыз құба-құп.
Кинотеатр-бөлмеге қажет тағы бір дүние – жиһаз. Жиһаздың кең, сыйымды, отырғанға ыңғайлы болғаны жақсы. Үлкен диван не орындық сатып алуға шығындалғыңыз келмесе, онда ағаш жәшіктерді реттестіріп қойып, үстіне жұмсақ жастық, матрас, көрпе қоя салсаңыз да болады. Тіпті болмай жатса, жерге жұмсақ, қалыңырақ кілем төсей салыңыз.
Бөлмені жайлы, сүйкімді, жылы көрінгенін қаласаңыз, пуфик сатып алғаныңы дұрыс. Орын жетпей жатса, отыра салғанға ыңғайлы. Қабырғасына фильмдердің постерлерін іліп қойсаңыз тіпті жақсы.
Кинотеатр-бөлмеге қажет тағы бір нәрсе – колонка. Фильмнің адамды баурап алатын артықшылығы да сол – дыбыс, үн. Сондықтан барынша дыбысы жоғары колонка алсаңыз өзіңізге жақсы.
Сонымен, үйде кинотеатр «ашу» қиын не байлардың ғана қолынан келетін нәрсе емес. Қалаған адам қиялын қосып істеп алатын дүниесі.
Қ. Слямбек