«Бөгдеғаламшарлықтардың қатысы жоқ» фильмі прокатқа шықты. Фархат Шәріповтің Жаңа жыл мерекесіне арналған комедиясы шынайылығымен, шытырманға толы сценарийінің ерекше көркемдік шешімімен тартымды. Демек, табысты да болайын деп тұр.
Кино сіз бен біз немесе достарымыз жайлы. Арчи (Максим Ақбаров) - қыздар қызығатындай сән-салтанатты ғұмыр кешуді армандайтын жігіт, Тима (Нұрбек Кәменов) - романтик, Валера (Джасур Тураев) - достарына еретіні болмаса, артық қылтың-сылтыңы жоқ қарапайым жас отағасы. Уәлихан (Ержан Түсіпов) тоқал алуды ойлайтын бизнесмен болса, Аида - (Арай Рамазанова) махаббатты да, байлықты да бірдей қалайтын бойжеткен. Бұдан басқа, «гопниктер» (Талғат Елемесов, Назар Шархан), таксист әрі математик (Фархад Әбдірайымов), шал (Ерболат Тоғызақов және басқалар бар. Картинада бес түрлі қызықты оқиға суреттеледі, күнделікті өміріміздің ащы шындықтары мен күлкілі жайттарынан тұратын оқиға желісі көрерменді «енді не болады» деп ынтықтырып отырады.
Шәріповтің киносына тән басты артықшылық - күтпеген ұтымды шешім. Бұл жолы да солай. Шытырман оқиғаның көркемдік шешіміне дейін бөгдеғаламшарлықтардың мәселеге, шынымен де, еш қатысы жоқ екенін көреміз. Тағы да сценаристердің шеберлігі тәнті етеді. Ал оны жазғандар - Фархат Шәріпов, Талғат Елемесов пен марқұм Ерлан Жұмабеков.
Фархат Шәріпов, режиссер:
- Картина алғашқыда «12.12.12» деп аталмақ болған еді. Бірақ бөгдеғаламшарлықтар туралы атауға тоқтадық. Бұл өзіндік пиар амал болды. Көпшілік «сонда бұл жерге бөгдеғаламшарлықтардың қатысы қанша?» деп сұрап жатады, біз айтамыз: «Бөгдеғаламшарлықтардың қатысы жоқ!» Түсірілімге қатысқан актерлердің бәріне шын жүрегімнен алғысымды білдіріп, олардың бәрін сүйетінімді айтқым келеді. Көрермендерге келсек, біз фильмді қарауға жас ерекшелігіне қарай шектеу қоямыз. Кино кейіпкерлерінің кейбір жағымсыз әдеттерін насихаттағымыз келмейді. Жастар арақ, есірткі деген нәрселерден жерінуі керек.
Жолдаған: Болатбек Мұхтаров
Сурет: түсірілім тобының мұрағаты