Блокбастер мультфильмдер балаңызды неге үйретеді?

Блокбастер мультфильмдер балаңызды неге үйретеді?
Фото: kino-punk.ru

Мультфильм — ересектер мен балаларға берер тәлімі мол фильм түрі. Анимациялық фильмдерді тек балаларға арналған бағыт ретінде қабылдау дұрыс емес. Әрине, түрлі түсті, ойыншық бейнелі кейіпкерлер балалардың назарын бірден аударатыны анық. Дегенмен арамызда мультфильмнің "фанаты" атанған ересектер де аз да емес. Бүгін соңғы он жылда жарыққа шығып, блокбастер атанған мультфильмдердің неге үйрететін бірге талқылайтын боламыз.

"Махаббат құдыреті шексіз"
Сұмпайы 2 / Гадкий я 2
2013

Соңғы он жыл ішінде көрермендер арасында танымал болған мультфильм "Сұмпайы" адамзаттан үміт үзбеуге, ең нашар деген адамның ішінде жарық сәуле барына сенуге үйретеді. "Өзгені қайта тәрбиелеп алуға болады" дегенге үлкендер сене қоймаса да, балалар бас кейіпкер Грю арқылы махаббатқа, адамның өзгере алатынына, жамандық артынан жақсылық көруге боалтынын ұға алады. 

"Дұрыс тамақтану"
Бұлтты... 2: ГМА кегі  / Облачно... 2: Месть ГМО
2013

Бұл мультфильмнің алғашқы бөлімінде құрастырушылар адамдардың бұрыс болса да ең дәмді тамақты шама жеткенше көп мөлшерде жесем деген тілектеріне назар аудара жасаған. Ал, екінші бөлімде олар жан біткен тамақтар қалай адамзатқа қарсы шабуыл бастағанын көрсетеді. Балалар ГМА деген жаңа ұғыммен танысады.  Сонымен қатар, әр асын ойланып, саналы түрде жемесе ішкен-жегені ағзаға түсен у болуы мүмкін екенін де көрсетеді. 

"Өзіңнің сүйікті ісіңмен айналыс
Батыл жүрегімен / Храбрая сердцем
2012

"Батыл жүрегімен" — "Диснейдің" феминизмге жасаған алғашқы қадамы: Pixar компаниясында бас кейіпкер әйел болған алғашқы мультфильм. Қызғылт шашты ханшайым Мерида өзінің батылдығымен, жанкештілігімен жүректерді бірден жаулап алады. Мериданың бар қалауы — өзіне ұнайтын іспен айналысу.  Дегенмен, оған ұнайтын іс әйелдерге тән істер қатарынан емес: атқа мініп, таулы даланы аралау, садақ ату. Ол тұрмысқа шыққысы келмейді, өйткені оған жалғыздық ұнайды. Соған қарамастан, ол биік белестерді бағындырып, ғасырлар бойына қалыптасқан таптауырындармен күреседі. Сонысымен көрермендер көңілінен шығады. 

"Көптің бірі болма"
Түйетауық: өткенге оралу / Индюки: назад в будущее
2013

Оқиға Реджи және Джейк атты екі түйетауық туралы. Олар өткенге оралып, "Алғыс білдіру" күнінің негізгі асы саналатын қуырылған түйетауық етіне тыйым салып, өз тұқымдастарын аман алып қалмақ. Бұл жерден кейбір адамдарға тән қасиеттерді байқауға болады: олардың жайлы өмірге үйренгені сонша, басындағы баспанасы мен тамағының барына шүкір етіп, артық қимылдан қашып өмір сүреді. Мультфильмді жасаушылар жайлы өмір арман мен мүмкіндітердің шегі емес екенін, кейде әлемге басқаша көзқараспен қарап, өзге де биік мақсаттар қоя білу керегін көрсетеді.  

"Отбасыңды бағала"
Коконың құпиясы /Тайна Коко
2017

Оқиға ойламаған жерден өлілер әлеміне аттанып, өз туыстарын кездестірген Коконың басынан кешкендерін баяндайды. Фильмде отбасылық қарым-қатынас, құндылықтар мен бауырмалдылық сөз етіледі. Отбасы ұмытқан адамның келесі өмірде де бақытты болмайтыны, о дүниеде де көзден ғайып болатыны айтылса, одан бөлек қыз бен әке арасындағы махаббат та қозғалады. Бұл фильмді көзге жас алмай қарау мүмкін емес. 

"Өз арманыңнан бас тартпа"
Аңдар шаһары / Звереполис
2016

Джуди Хопс — тәртіп сақшысы болуды армандайтын кішкентай ғана қоян. Аю, бұқа, жолбарыс секілді айбатты аңдар арасында оны бұл арманы үшін сөгетіндер көп. Өйткені, оның кішкентай денесі қорқыныш тудырмайды, өзгелерді тыңдата алатындай билікке ие емес. Соған қарамастан Джуди арманынан бас тартпайды. Керісінше бәріне ерегесе өмір сүреді. Өзінің өзге күшті қырларын өз саласында жетістікке жету үшін пайдалана біледі және жануарлар арасында тепе-теңдік орнайтынына кіршіксіз сенеді. Бұны көрген балалар әлсіз, күшті деп қоғамды бөлмеуге және арман деген ұғымның көп еңбекті талап ететінін ұғады.

"Мұңсыз қуаныш та болмайды"
Жұмбақ / Головоломка
2015

Кейде өз эмоцияларымызды түсінбей дал боламыз. Түпсіз терең мұң, бір сәттік қуаныш, бағынбайтын ашу мен орынсыз жиіркеніш. Бұның бәрі — тек ересекке ғана емес, балаға да тән қасиеттер. “Жұмбақ” фильмі арқылы бала эмоциялардың қалай жұмыс істейтінін ғана емес, өмірдің тек бір ғана көңіл-күй жағдайынан тұрмайтынын түсінеді. Мұңсыз қуаныш та болмайтынын ұғады. Өмірдің алуан түсті болуы біздегі рецепторлардың өзара жұмысының жемісі екенін біледі.

"Жалғыз адамның қолынан көп нәрсе келмейді"
Супер отбасы 2 / Суперсемейка 2
2018

Тылсым күш иелерін игілікке пайдалануға тыйым салғаннан кейін Парр отбасында қиын кезең басталған еді. Бірақ биліктің бұйрығымен тек бір ғана адам арнайы істі орындауға шақырту алады. Үйдің отанасы арнайы тапсырмамен алысқа кеткенде, отағасының мойнына бала тәрбиесінен бастап, барлық тұрмыстық істер артылады. Дегенмен олар аналарының басына қауіп төнгенін түсінеді. Бұл фильм арқылы адам қанша күшті болса да, жалғыз жүргенде ісі өрге баспайтынын, жұмыла көтерген жүктің жеңіл екенін ұғуға болады. 

Соңғы жылдары жарыққа шыққан қай мультфильм сіздің қайталап көре беретін фильміңізге айналды?

Т. Есқали