Биылғы Канн кинофестивалінің ұйымдастырушылары әділқазылар алқасын әйел адам басқаратынын хабарлады. Кинематография әлеміндегі ең беделді марапат иелерін анықтау құрметі австралиялық актриса әрі продюсер Кейт Бланшеттке бұйырды. 71 жыл тарихы бар елеулі оқиғада мұндай құрметке осыған дейін тек 11 әйел ғана ие болған екен. Олардың қатарында Жанна Моро, Изабель Юппер, Лив Ульманн және Оливия де Хэвилленд есімді актрисалар, режиссер Джейн Кэмпион мен жазушы Франсуаза Саган болған. Мен бірнеше жыл бойы Канн кинофестиваліне актриса, продюсер, осы нарықтың өкілі, кейде жай ғана көрермен ретінде түрлі амплуада келіп жүрдім. Бірақ, ешқашан осындай құрметке ие боларымды білмедім, деді Бланшетт. Естеріңізге сала кетейік, былтырғы 70 жыл мерейтойлық Канн кинофестивалінде әділқазылар алқасын испаниялық режиссер Педро Альмодовар басқарған болатын. Биыл 71-Канн кинофестивалі 8-19 мамыр аралығында өтеді.