- Негізгі бет
- Кино
- Биыл болған оқиғаны...
Биыл болған оқиғаны көрсеткен фильмдер
"Жақын болашақ" көрермендер үшін де, режиссерлер үшін әрқашан қызықты болатын. Бірі араға мың жыл салса, енді бірі 30-50 жыл айырмашылықты көрсетеді. Мысалы, "Өткенге оралу 2" (Назад в будущее 2) фильмінде басты кейіпкер уақыт машинасы арқылы 1985 жылдан 2015 жылдың 21-қазанына саяхаттайды. Сол уақыттары болашақ ретінде саналған уақыт ағыны, бүгінде өткенге айналды. Массагет порталы фильмдердегі болашақ 2019 жылға сәйкес келген фильмдер топтамасын назарларыңызға ұсынады.
"Өткір жүзбен жүгірушілер" / "Бегущий по лезвию" (1982)
Атақты Ридли Скотттың фильміндегі оқиға 2019 жылы (нақтырақ, 2019 жылдың қарашасында) іске асады. Филип К.Дик пен Ридли Скотт өздерінің антиутопиялық, фантастикалық әрі ккиберпанк жанрындағы фильмінде адамдардан еш айырмасы жоқ андроидтардан бөлек, шектен тыс адам санының өсуі, тұрғын үй дағдарысы, күн бетін қараңғы тұмшалаған аспан мен апатты күйдегі әлемді көрсетеді. Биік ғимараттар мен фильмнің кей тұсы бүгінгі мегаполистердің заманауи бейнесіне сәйкес келгенімен, ұшатын машиналар мен андроидтарға әлі қол жеткізе қоймадық.
"Жарық әскерлері" / "Воины света" (2009)
Қансорғыштар жайлы триллерді түсірген ағайынды Спиригтердің ұраны: "2019 жылы табиғаттың құнды ресурсы адам",– еді. Фильм сюжеті бойынша, 2009 жылы жаһандық індет келіп, 2019 жылы Жер ғаламшарының 95% тұрғыны қансорғышқа айналады. Қалған 5%-ы қансорғыштар үшін тамақ көзі болады. Адам қанын ішпесе, қансорғыштар "адам" бейнесін жоғалтып, құбыжыққа айналады. Бір қызығы, қансорғыштар қоғамының адамдар ортасынан айырмасы болмайды: сол баяғы таптық бөліну, кедейшілік, жіктеу мен бағыну.
"Дауыл" / "Геошторм" (2017)
Жаһандық климаттың өзгерісі – кино әлеміндегі ең жиі сюжетке өзек болатын тақырыптардың бірі. Әсіресе, ақырзаман тақырыбын қозғағандар жетерлік. Дин Девлин табиғи апаттың адамға қандай қауіп төндіретінін көрсету мақсатында фильм түсірген болатын. Сюжет бойынша 2019 жылы "Голландық" атты ғаламшар серіктері арқылы ауа-райын бақылайтын құрылғыны кеңістікке жібереді. Араға үш жыл салып, 2022 жылы құрылғы істен шығады да, адамзатқа қауіп төндіреді. "Дауыл" фильмі аса атақты болмаса да, қарап отырып, 2019 жылы өмір сүріп жатқан фильм кейіпкерлеріне қарағанда, біздің жағдайымыздың әлдеқайда жақсы екендігіне шүкірлік етуге болады.
"Жүгіруші" / "Бегущий человек" (1987)
Фильм Стивен Кинг романының желісі бойынша түсірілген. Сюжеті бойынша 2019 жылы Америка тоталитарлы әскері мемлекетке айналады. Телеарналардан қатысушы не жеңуі тиіс, не өлуі керек "Жүгіруші" шынайы шоуы көрсетіледі. Арнольд Шварценеггер жалған жала арқылы түрмеге түскен, өмірі үшін нағыз қылмыскерлермен күресетін адам рөлін сомдайды. Фильм арналарға жаңалық алып келді:"реалити-шоуларға" деген сұраныс артты.
Фильмдегі оқиға уақыты жақын болашаққа сәйкес келетін қандай картиналарды білесіз?
Т. Есқали