Демалыс күндері бүкіл әлем "Берлин қабырғасының" құлағанына 30 жыл толғанын тойлауды бастап кетті. Тарихи маңызды оқиғаның мерейтойына орай Берлин туралы 5 үздік фильм топтамасын ұсынуды жөн көрдік. Егер "Берлин қабырғасының" тарихымен қысқаша танысып өткіңіз келсе, мақала соңындағы анықтамаға мән беріңіз.
М, 1931
"М"фильмінен алынған кадр, 1931
"М"– аты аңызға айналған режиссер, неміс экспрессионизмінің классигі Фриц Лангтың тұңғыш дыбысты картинасы. Аталған фильм – Берлин атмосферасын дәл жеткізген сирек туындылардың бірі.
Сценарийді режиссер жұбайы Теа фон Харбоумен бірлесе жазған. Кісі өлтірушінің оқиғасын баяндайтын болғандықтан, авторлар көп уақытын Берлин қаласындағы тарихи орындар мен түрмелерде көп өткізген.
Берлин аспаны, 1987
"Берлин аспаны" фильмінен алынған кадр, 1987
Вим Вендерстің Берлинге жазған "махаббат хаты" оған Канн кинофестивалінде "үздік режиссура" аталымы бойынша жеңіс әкелді.
Картинаның әр кадрынан Кайзер Вильгельмнің мемориалды шіркеуі, Жеңіс мұнаралары, "Берлин қабырғасымен" бөлінген Потцдамер Платц сынды белгілі орындарды байқауға болады.
Вендерс фильмді шығармашылығына шабыт беретін Одзу, Трюффо мен Тарковский сынды кинематография мэтрлеріне арнаған.
Қаш, Лола, қаш, 1998
"Қаш, Лола, қаш" фильмінен алынған кадр, 1998
90-шы жылдардың аяғында атақты болған бұл фильмде басты рөлді Берлиннің өзі сомдайды десек, қателепейміз. Себебі, Лоланың алдындағы кедергілердің барлығы осы қалада жолығады. Картинада көзге оттай басылатын көптеген танымал орындар, әсіресе, Фридрихсхайн мен Кройцбергті байланыстыратын Oberbaumbrücke көпірінің кейіпкер тағдырында маңызы басым.
Гуд бай, Ленин!, 2003
"Гуд бай, Ленин!" фильмінен алынған кадр, 2003
Бұл фильмнің лейтмотиві "ГДР әлі тірі — 79 шаршы метрде!" – дегенге саяды.
Неміс режиссері Вольфганг Беккердің лирикалық мелодрамасы коммунистік режимге бар жанымен сенетін шешесіне оның құлағанын қалай жеткізетрін білмей әуре-сарсаңға түсетін жігіт туралы. Фильм көптеген ұлттық кинофестивальдердің жүлдегері болған.
Нико Фишердің қарапайым қиындықтары, 2012
"Нико Фишердің қарапайым қиындықтары" фильмінен алынған кадр, 2012
Ақ-қара кадрларымен баурап алатын бұл картина жасы 30-ға келсе де, өмірлік мақсатын таппаған жас жігіттің өмірінен сыр шертеді. Қаланың керемет көріністері, тағдыры бір-біріне ұқсамайтын тұрғындар мен қарапайым тұрмыс қиындықтары... Осының бәрі Берлин келбетін негізгі фонға ала отырып түсірілген. Сондай-ақ, бұл картинадағы неміс джазының сарына елітпеу мүмкін емес.
Тарихи анықтама
"Берлин қабырғасы" өмір сүрген 28 жылға жуық уақыттың ішінде қамал арқылы қашқан 70 адам атып өлтірілді, жүзден астам азамат жарақат алды, 3 мың адам ұсталды. Оның ішіндегі ең күрделі қашу процесі 1964 жылдың қазанында жүзеге асты. Қабырғаның астынан ұзындығы 145 метрлік үңгір қазып, 57 неміс арғы беттегі қандастарына қашып кетті.
1961 жылы 13 тамызда Берлин қабырғасын салу басталды. Қабырғаны салудағы мақсат – ГДР-ден Батыс Берлинге кететін қашқындар санының жылдан жылға артуын тоқтату еді. Айта кету керек, қабырға салынбас бұрын батысқа қашқандар саны екі миллионға жеткен. Осыған байланысты Батыс елдері қарсылық танытқан, ГДР мен ГФР-де шеру өтті. Алайда, бұл еш нәтиже бермеді.
Берлиннің қақ ортасында бетоннан құйылған бес метрлік қабырға бой көтерді. Қабырғаның жоғары жағына тікенек сым тартылып, қарауылы бар мұнара орнатылды. Қаланы екіге бөліп тұрған қабырғаның ұзындығы 45 шақырымды құрады. 1989 жылдың 9 қарашасында ГДР-де коммунистік режим құлағаннан кейін, Берлин қабырғасы бұзылды. Бүгінде Берлин қабырғасының музейі бар.
Германияны екіге бөлген "Берлин қабырғасының" ұзындығы 155 шақырымды құрады, оның 43,1 шақырымы Берлинді екіге бөлді. Қабырға кірпіштен, кейін бетоннан тұрғызылды. Онда 293 төбеден қарауылдайтын бекет, 57 бункер, ені 10 метр болатын "өлім сызығы", патрульдік бақылау, 100 метрлік ешкім жүрмейтін, рұқсат етілмейтін аймақ болды.
Бәрі неден басталды?
Кеңес Одағының Екінші Дүниежүзілік соғыстағы жеңісінен кейін Жер шарында екі лагерь пайда болды. Бірі НАТО ұйымына мүше елдер болса, екіншісіне Варшава шарты ұйымына қатысушы мемлекеттер енді. Варшава шарты ұйымына негізінен, соғыстан азат етілген мемлекеттер кірді. Сөйтіп, Еуропа аумағында оннан астам социалистік мемлекет пайда болды.
Соғыстағы жеңістен кейін халықаралық аренада Кеңес Одағының абыройы күрт артты. Кез келген ел Кремльмен санасатын болды. Алайда шығын мен нәтиже әкелген қанды соғыстың әлі талай жылға созылатын түйткілі жетерлік болды. Соның бірі Германия болатын.
Германияның шығыс жағын Кеңес Одағы иеленіп, ГДР мемлекетін құрса, оның батыс жағына АҚШ-тың жақтастары орналасып ГФР елін құрды. Ел астанасының батыстық және шығыстық бөліп екіге жарылуы халықаралық жағдайды тіпті қиындатып жіберді.
Ақиқаты, соғыс аяқталған кейінгі ондаған жылдар ішінде НАТО жақтастарының күшімен Батыс Германия, яғни ГФР-дің экономикасы күрт өрлей бастады. Шығыс жақтағы немістер батыс Берлинге қаша бастады. Адамдардың көшу тасқынын тоқтату мүмкін болмады. Сондықтан қандай да бір шара қолдану қажет еді.
О баста Берлин төрт секторға бөлінгені белгілі. Оны барлық елдердің өкілдері кіретін Одақтық комендатура басқарды. Уақыт өте келе Кеңес Одағы одақтық басқару органына қатысты барлық келісімшарттарды үзді де, ГДР-дің астанасы етіп Берлинді жариялады. Батыс жақты басқарып тұрған үш елге дереу осы аймақты тастап шығу туралы ультиматум қойылды. Алайда батыстың державалық елдері бұл талапты қабылдамады.
Халықаралық жағдайдың осы кезде шиеленіскені соншалық, Еуропадағы жағдай "Берлин дағдарысы"деген атауға ие болды. Тіпті "Берлин дағдарысын" шешуге арналған АҚШ президенті Кеннеди мен КСРО басшысы Хрущевтің арасында 1961 жылғы Венада өткен кездесу де сәтсіз аяқталды.