«Бен Гур» – атағы жер жарған аңыз кино

«Бен Гур» – атағы жер жарған аңыз кино

Кино өнері соңғы жүз жылдықтағы жылдам даму мен өрісінің кеңеюінің арқасында адам өмірінде ең бір ойып тұрып орын алатын дүниеге айналды. Есігі енді ғана ашылған жаңа ғасырдың алғашқы онжылдығының өзі – сөзіміздің айғағы. Төрт тарапты кино атаулы жаулап алды. Нешеме астыртын идеялар, жымысқы саясаттар немесе ашық қарсылықтар мен үндеулер осы кино арқылы көпке таралып жатты. Сондай аты аңызға айналған кинотуындылардың бірі турасында сөз қозғасақ.

«Бен Гур»  – сонау 1959 жылы түсіріліп, көрерменіне жол тартқан өміршең туынды. Жанр тұрғысынан алғанда эпикалық кинофильм. Көпшілік кинотанушы мамандар оны пеплум, яғни тарихи кинолар қатарына жатқызған. Режиссер Уильям Уайлер бұл туындысын америкалық жазушы Лью Уоллестің 1880 жылы жарық көрген осы аттас романының желісі бойынша түсірген. Бен Гурдың тұсаукесері Нью-Йоркте қоңыр күз түсіп, жұртшылық жылы киіне серуен құрып, жиі кино көретін шақта өтеді. Аңыз боларлығы сол – бұл фильм Оскар сыйлығын өз кезегінде 11 рет иеленген екен. Оскар бойынша бұл қатарда «Титаник», «Сақиналар әміршісі» фильмдері тұр. Белгілі сыйлықты бір рет алу арманына қол жеткізе алмай жүрген қара құрттай қаптаған кинофильмдердің арасында шоқтығының қай дәрежеде екені осыдан анық байқалады. 

Фильмдегі оқиға біздің дәуіріміздің 26 жылынан бастау алады. Сюжет Иудеяның ауқатты да танымал тұлғасы Иуда Бен-Гурдың төңірегінде өрбиді. Ол досы Мессала жасаған сатқындықтың кесірінен римдіктердің құлына айналады, ал оның анасы мен қарындасы зынданға қамалады. Кейін ол сатқыннан кегін алу үшін Отанына оралады. Егделікке жеткенде «ескі досымен» кездескенімен, енді дос болудың шынымен де мүмкін емес екенін түсінеді. Кинотуындыда сондай-ақ сол кезеңдерде Иудеяны мекен еткен Иса Мәсіхке арналған тағы бір сюжеттік желі қатар өрбиді. Фильмде Бен-Гур мен Иса пайғамбар бірнеше рет кездеседі.

Фильм ұсынатын басты құндылыққа жүгінер болсақ, Иуда Бен-Гур опасыз да, кісі өлтіргіш те емес. Ол монетаның сыңғырлаған арбағыш дыбысына бола өз басының қадірін жоғалтпайды. Патриот, көркем мінез иесі. Тағдыр дегеннің тақтағы адамды да талқан ете салатыны бар. Мұны ескерсек, америкалық тілмен айтқанда, Бен Гур – отбасы құндылығы мен өз ұлтының бостандығын армандап өткен тұлға.

«Бен Гур» киносының ауыз толтырып айтарлық жаңалықтары мен ерекшеліктері мынадай:

– Аталған кинокартина MGM студиясын банкротқа ұшыраудан құтқаруы тиіс болатын. Және құтқарды да. 15 млн. доллар шығынға түскенімен, әлем бойынша 164 млн. доллар пайда түсірді.

– Түсірілім үшін сегіз мемлекеттен әртістер шақырылды.

– Фильмге «массовка» үшін италиялық ауылдардан 50 000 мың адам қатыстырылды.

– Италиялықтар фильм түсірушілерге парик пен сақал жасау үшін 160 келіден артық шаш жеткізген.

– MGM студиясы шайқас кездерінің түсірілімдері үшін римдік кеменің тиянақты көшірмесін пайдалануды қалады. Ал кеме болса сүт пісірім уақыт қана мұхиттың айдынында қайраңдап тұра алды. Алғашқы титтей толқын оны аударып тастайды. Киногерлер еріксізден арнайы су айдынын жасауға мәжбүр болды.

– Түсірілім барысы Жерорта теңізіне келгенде суды қоңыр түске айналдыру керек болғандықтан, арнайы химик маман шақырылған.

– Түсірушілер тобы иерусалимдік алаңның қандай болғанын тап басып анықтауға көшеді. Бір археолог – Римдікіндей десе, енді бірі Финикия алаңын үлгі етті. Кейбіреулер Иерусалимде ондай алаң болды дегенге таң болып жатты. Ақыр соңында алаң үлгісі 1926 жылы түсірілген «Бен Гур» көркемфильміндегідей етіп таңдалды.

– Түсірілім біте салысымен ешқашан мұражайға алынбастан декорацияның барлығы ойран-топыр бұзылды.

– Америкалық әйгілі актер Берт Ланкастер фильмге басты рөлге түсуден бас тартқан.

– КСРО-да «Бен Гурдың» көрсетілуіне тыйым салынып, тек Ресей Федерациясында 1994 жылы ғана рұқсат беріліп, НТВ арнасы арқылы көрсетілді. 

Жалпы біз «Бен Гур» деп аталған фильмдердің ішіндегі ең атақтысын сөз еттік. Әйтпесе 1907, 1926, 2003, 2010 жылдары осы аттас қысқаметражды, толықметражды көркем фильмдер түсірілген-ді. Біз «Бен Гурды» киностудияны құлдырау қаупінен аман алып қалған туынды деп таныдық. 212 минут бойы көрерменін жалықтырмайтын, әрі сын, сапасы бүгінгі деңгейден әлдеқайда төмен бола тұра парқын төмендетпеген кинокартина өнер тарихындағы аңыз болып қала береді.

Автор: Манас Қайыртайұлы

Сурет: film.com, allmovie.com

Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова

Р. Роза