- Негізгі бет
- Кино
- Бекмамбетов қазақстандық сценаристердің...
Бекмамбетов қазақстандық сценаристердің айыбын жоққа шығарды
Режиссер Тимур Бекмамбетов Ресейдің кинематогрофистер одағына арыз берген қазақстандық сценариистерді танымайтындығын, олардың бұл ісі туралы ештеңе естімегендігін айтты.
Айта кетелік, бұған дейін қазақстандық сценаристер Жайық Сыздықов пен Мұхаммед Мамырбековтың "Сәттілік джентльмендері" комедиясында "Алтын адамның" пайдаланылғандығына қарсылық білдіріп, арыз жазғандығын айтқан болатынбыз. Сценаристердің айтуынша, "Алтын адамның" комедиялық фильмде бой көрсетуі Қазақстан үшін тиімсіз. "Бұдан кейін "Алтын адамға" және Қазақстанға деген әлемнің көзқарасы қандай болады? Бұл Бораттың тағы бір нұсқасы", - деген еді Сыздықов.
Аяқталмаған "Алтын жауынгер" жобасының сценаристері режиссерға плагиат жасады деген де айып таққан еді.
"Ресейдің кинематогрофистер одағының атына жазылған ашық хатқа байланысты айтарым, біз бұл кісілердің кім екендігін білмейміз. Бұл адамдармен ешқандай байланысымыз жоқ. Ал "Алтын жауынгер" жобасы тоқтап қалған жоқ. Қазіргі кезде біз түрлі сценарий жазып көріп, сынап жатырмыз. Жақсы фильм бір күнде емес жылдар бойы пайда болатындығы белгілі", - деді Бекмамбетов. Ол сонымен қатар, "Қазақфильмнен" бұған қатысты ешқандай сөгіс алмағандығын айтты.
Алтын адам
Айта кетелік, "Алтын жауынгер" жобасы осыдан үш жыл бұрын басталған еді. Бұл жоба Қазақстанның әлемдік деңгейдегі имиджін көтеру керек болатын. Сондықтан әлемдік деңгейдегі режиссер Бекмамбетов шақырылған еді. Фильм фэнтэзи технологиялар қолданылған блокбастер болады деп күтілді.
Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан
сурет: meloman.kz, visitkazakhstan.kz