“Бәйтерек” фильмі және бала арман

«Менің атым Қожа», «Адамдар арасындағы бөлтірік», «Сүйрік» сияқты қазақ кинематографиясында ойып орын алған фильмдердің қатарына «Бәйтерек» фильмі қосылды. Әлбетте, балаларға арналған фильм түсіру оңай шаруа емес. Алайда бұл режиссер Данияр Саламаттың  қолынан келген сияқты.

Сюжет бойынша, Санжардың әке-шешесі қалада, одан алыста тұрады. Ол ата-әжесінің қолында, ауылда тәрбиеленіп жатады. Бала арманы – әке-шешесі бір уақыт қаладағы күйбең тірліктен ажырап, оған тезірек оралса екен дейді. Сол арманды «Бәйтерекке» қолын қойып, тілесе, орындалады дегенге сенеді. Санжардың осы арманын, сезімтал жан-дүниесін түсініп, қамқор болып жүрген Дана апайы болады. Санжар да өз кезегінде мейірімді апайына махаббат сезімі оянады. Апайына сөз салып жүрген жігітінен қызғанып, алғашқы кішігірім махаббат машақатын да бастан кешіреді. Баланың нәзік жанын жаралап алмауды ойлап, апайы оқу жылы біткенде Санжарды сыныптастарымен бірге Астанаға саяхатқа апарады. Санжардың бала арманының орындалуына ықпал етеді.

Фильмде сонымен қатар, ақ сақалды, ақ киім киінген Қыдыр-ата балаларды жанашырлыққа, мейірімділікке шақырып, желеп-жебеп жүреді.

Балаларға арналған көңілді саундтректердің сүйемелдеуімен Астананың көрікті жерлері көрсетіледі. Басты рөлдегі Санжарды алматылық Орынбек Сатанбаев ойнаған, ал оның дос қызы рөлін сол кездері бесінші сынып оқушысы Ұлпан Тұрмагамбет сомдайды. Сонымен қатар, картинада Меруерт Өтекешова, Құман Тастанбеков, Сағызбай Қарабалин және тағы басқа майталман актерлер бой көрсетеді.


Тақырыптың басты ұйытқысы «Бәйтерек» болғанымен, фильм балалық шақтың қызықтары, алғашқы махаббат, достар арасындағы әзілдермен көркемделген және бастысы - отансүйгіштікке тәрбиелейді.

Суреттер: kinopark.kz