Қазақстандық "Бақыт" ("Счaстье") фильмі Берлин кинофестивалінің "Панорама" бөлімінде бас жүлдені жеңіп алды.
72-ші Берлин халықаралық кинофестивалі жүлдегерлерді марапаттауды әлі жалғасып жатыр. "Панорама" бөлімінің басты сыйлығы – "Көрермендер таңдауы" жүлдесін режиссер Асқар Ұзабаев (продюсері Баян Мақсатқызы) түсірген "Бақыт" фильмі жеңіп алды.
Берлиналедегі "Панорама" 80-ші жылдардан бері және негізгі байқаудан кейінгі ең беделді болып саналады. Панорамада кеңірек аудиторияға арналған фильмдер көрсетіледі және бұл байқаудың қазылар алқасы киноиндустриясының кәсіби мамандарынан емес, нағыз көрермендерден құралған. Олар фильмді көргеннен кейін бірден дауыс береді. Ковид шектеулеріне қарамастан, биыл "Панорама" бөлімінің фильмдерін 20 000-нан астам адам тамашалаған. 72-ші Берлин халықаралық кинофестивалінің "Панорама" бөліміне 33 елден 29 фильм қатысқан.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық жайын баяндайтын "Бақыт" фильмі көрерменнің де, халықаралық баспасөздің де ыстық ықыласына бөленді. Тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде өзекті. Сценарий авторлары Әсем Жәпішева мен Асқар Ұзабаев материалдарды мұқият жинап, фильм шынайы оқиғаларға негізделгенін айтады.
Картинада Қазақстанның шағын қаласында өмір сүріп жатқан отбасы туралы, ұзақ жылдарға созылған тұрмыстық зорлық-зомбылық пен махаббатсыз өмір жайында баяндалады. Күйеуі, әйелі мен олардың бойжеткен қызы – үш негізгі кейіпкер тұрмыстық зорлық-зомбылықтың бар мұңын, ауыртпалығын көрсетеді.
Еске салайық, бұған дейін 72-інші Берлин халықаралық кинофестивалінің Generation (балалар мен жасөспірімдер туралы фильмдер) конкурстық бағдарламасының бас жүлдесін режиссер Фархат Шәріповтің қазақстандық «Схема» фильмі жеңіп алған болатын.