Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы жарыққа шығарған режиссер Серік Апрымовтың «Бауыр» фильмі тамыздың 28-і мен қыркүйектің 7-і аралығында өтетін жетпісінші Венеция кинофестивалінің беделді байқауларының бірі − «Көкжиектер» («Горизонты») байқауына іріктеліп алынды.
Әлемдік кинематографтың жаңа үрдістерін бейнелейтін «Көкжиектер» бағдарламасына биыл 31 кинокартина қатысады деп жоспарлануда. Олардың қатарында АҚШ-тың «Пало-Альто», Италияның «Натюрморт», Францияның «Батыс жігіттері» және басқа да кинотуындылар бар. Биыл аталмыш байқаудың қазылар-алқасын америкалық танымал режиссер және сценарист Пол Шредер басқарады.
Ал жетпісінші Венеция кинофестивалінің негізгі байқауына 20 кинотуынды іріктеліп алынды. Олар: Хаяо Миядзакидің «Жел күшейді» (Kaze tachinu) анимациялық фильмі, «Зеро теоремасы» (The Zero Theorem) триллері, Джеймс Франконың «Тәңірдің баласы» (Child of God) әлеуметтік драмасы, Ксавье Доланың «Том фермада жүр» (Tom a la ferme), Джон Керраның «Соқпақтар» (Tracks) фильмі, Стивен Фрирздің «Филомена» (Philomena), Джонатан Глейзердің «Менің орнымда болсаң» (Under the skin), Келли Ричардтың «Түнгі қимылдар» және тағы да басқа фильмдер бар.
Айта кететін бір жәйт, жетпісінші Венеция кинофестивалінің негізгі және басқа да конкурстық байқауларына көрші Ресей елінің бірде-бір фильмі ене алған жоқ.
Венеция кинофестивалі – «А» класындағы ең ірі және беделді фестивальдердің бірі. Ол – аты әлемге мәшһүр Канн және Берлин кинофестивальдерімен – тең дәрежелі байқау. Аталмыш фестивальдің негізгі конкурстық бағдарламасына қазақ киносы бұған дейін 18 жыл бұрын қатысқан болатын. Ол – режиссер Дәрежан Өмірбаевтың «Кардиограмма» фильмі еді (Венеция, 1995 жыл).
Тағы да айта кететін жәйт, соңғы бір жыл ішінде отандық туындылар «А» класындағы беделді кинофестивальдердің бәріне дерлік қатысып, биік межеден көрініп отыр. Атап айтсақ, 2012 жылы Дәрежан Өмірбаевтың «Студент» фильмі Канн кинофестивалінің «Ерекше көзқарас» байқауына қатысты, ал 2013 жылдың ақпан айында жас режиссер Эмир Байғазиннің «Үйлесім дәрістері» ("Уроки гармонии") атты тырнақалды кинотуындысы қазақ кинематографиясы тарихында тұңғыш рет Берлин кинофестивалінің негізгі байқауына іріктеліп алынып, «Үздік оператор» номинациясы бойынша «Күміс аю» жүлдесіне ие болды.
Жетпісінші Венеция кинофестивалі басты жүлдегер жеңімпаздар есімін 7 қыркүйекте жариялайтын болады.
Дайындаған: Ақерке Әбілхан
Сурет: kazakhfilmstudios.kz