Санаулы күндер бұрын Серік Апрымовтың "Бауыр" фильмі Швеция төрінде көрсетілетіндігін айтып сүйінші сұраған едік. Араға ай салмай жатып отандық картинамыз тағы да бір марапатқа ие болып отыр. "Бауыр" –Санта-Барбарада өткен Халықаралық кинофестивальда "Шығыс Еуропаның ең үздік фильмі" атағын жеңіп алды.
Аталған іс-шара XXIX-шы рет АҚШ-тың Калифорния штатында 30 қаңтар мен 9 ақпан аралығында өтткізілді. Санта-Барбара фестивалі 1985 жылдан бері үздіксіз ұйымдастырылып келеді. Негізгі мақсаты – жергілікті киноиндустрияны дамыту, тұрғындарды америкалық және әлемнің соңғы фильмдермен таныстыру.
Ш. Айманов атындағы "Қазақфильм" түсірген "Бауыр" фильмі үздіктердің қатарынан көрінді. Режиссер Серік Апрымов америкалық аудиторияның ыстық ықыласына бөленіп, "Fess Parker – A Doubletree by Hilton Resort" аймағында өткен салтанатты рәсімге қатысып, марапатын алды.
Биылғы жылғы қазылардың құрамында кинофестивальдің негізін қалаушы Филлис де Пиччиотто, режиссер Мими де Груй, автор Тельма Адамс, актриса Арнетт Дженс Зербе, актер Энтони Зербе, монтажер Артур Шмидт, актер Алан Тик, продюсер Тед Хоуп, композитор Адам Гуттел және актриса Фрэнсис Фишер болған.
"Шығыс Еуропаның ең үздік фильмі" атағына Мирослав Мандичтің (Словения, Хорватия) "Блюз адриясы", Виктор Таустың (Словакия, Люксембург, Чехия, Финляндия) "Клоундар", Игнас Ионинастың (Литва, Латвия) "Ойыншы", Тудор Кристиан Жургиудің (Румыния) "Жапон иті", Яцек Бромскийдің (Польша) "Айға билет", Элис Неллистің (Чехия) "Жандану" фильмдері үміткер болған. Алайда, "Бауыр" оқ бойы озып шықты.
Тағы да айта кетейік, "Бауыр" фильмінің әлемдік премьерасы 70-ші Венеция Халықаралық кинофестивалінің "Көкжиек" байқаулық бағдарламасы барысында 2013 жылдың қыркүйек айында өткен еді. Венеция фестивалінен кейін "Бауыр" ХКФ-ның IX "Еуразия" байқаулық бағдарламасында "ең үздік режиссурасы үшін" атағын жеңіп алған.
"Бауырдың" шығар биігі мен алар асуы әлі алда деп сенеміз!
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Сурет: tengrinews.kz, meloman.kz