Әдебиет пен кино зерттеушілері барлық туындылардың селбесін көруді баяғыдан-ақ ойға алған. Джозеф Кэмпбелл – бұл заңдылықтарды негізге ала отырып, барлық халықтардың аңызын зерттеген алғашқы адам. Оның еңбегі сыйлауға тұрарлық, ал кітаптарын міндетті түрде оқуыңыз керек.
Джозеф Кэмпбелл 1904 жылы Нью-Йорк қаласында туған. Ол – тоғыз кітаптың авторы. Ол бірінші үнді халқының аңыз-әңгімелерін зерттей бастайды. Кэмпбэлл бұл аңыздарды оқи отырып, олардың уақыттың еншісіне бағынбайтын, адамның рухани болмысын жетілдіретінін ұққан болатын. Кейін ол әлемдегі барлық танымал аңызды оқып, олардың өзара ұқсастығын табуды алдына мақсат етіп қояды.
Оның ең танымал жұмыстары – «Мың бейнелі кейіпкер» мен төрт томдық «Құдайдың бетперделері». Джордж Лукас («Жұлдыздар шайқасы» («Звездные войны») өзінің сұқбатында Кэмпбеллдің жұмыстары шабыт сыйлағанын айтады.
Кэмпбелл кез келген жақсы әңгіме өзінің құрылымы жағынан өзге оқиғалармен байланысатынын айтады. Барлық оқиға белгілі бір жүйеге құрылады. Бұл құрылымнан ауытқыса, оқырмандарға түсініксіз болып қалады деген пікірге тоқталған.
Ендеше Кэмпбелл зерттеуіндегі жазушылар ұстанатын мыңжылдық құрылым қандай?
1. Кво жағдайы (статус кво):
Осы жерден оқиға басталады. Бұл – басты кейіпкердің қарапайым әлемі.
2. Оқиғалар айқайы:
Кейіпкер жұмбақ хабарлама немесе шақырту алады. Ол күтпеген жерден таныс емес адаммен жолығуы немесе бір оқиғаның куәгері болуы мүмкін.
3. Қолдау
Әлем өзгерді. Ал, басты кейіпкерге қолдау керек. Әрине, қолдайтын адам одан ақылды болады.
4. Жолға шығу
Бұл – қайтпайтын нүкте. Басты кейіпкердің барлығын сол қалпында қалдыруға мүмкіндігі болды. Бірақ, ол бар күшін бойына жинап алып, қауіп пен оқиғаларға толы өзге әлемге еніп кетеді.
5. Сынақ
Батыр болу – оңай іс емес. Басты кейіпкер жасырын жұмбақтардың шешімін табу керек, құрылған қақпандардан аман-есен құтылуы тиіс.
6. Жақындық
Басты кейіпкердің өз қорқынышымен күресетін сәті туды. Көбіне басты кейіпкерлер өз қорқыныштарын жеңу арқылы жетістікке жетеді.
7. Дағдарыс
Бұл – кейіпкердің өміріндегі ең қиын сәт. Ол ауыр жарақат алып, өлім аузында жатуы мүмкін немесе барлығынан бас тартып, өзінің әлеміне оралуға шешім қабылдауы ғажап емес.
8. Қазына
Әрине, басты кейіпкер дағдарысты жеңіп шығады. Бұл батылдығы үшін ол қазынаға қол жеткізеді: атақ, дәреже, мадақ немесе сүйікті адамымен қосылу.
9. Нәтиже
Нәтиже – әр уақытта әр түрлі. Кейіпкер зұлымдықтан құтылуы мүмкін немесе оның бәрі уақытша (оқиғаның жалғасы болған жағдайда).
10. Кері оралу
Барлық бастан кешкен оқиғадан соң кейіпкер өзінің әлеміне қайта оралады. Бастапқы күйіне қайта келеді. Бірақ, бұл жолы көп өзгеріс орын алады.
11. Жаңа өмір
Оқиғалар кейіпкер мен оның әлемін өзгертеді. Ол өзінің әлеміне жаңа көзқараспен қарай бастайды.
12. Кво жағдайы
Бұл жағдай бастапқы кво жағдайынан ерекше. Өйткені, кейіпкер бастапқыға қарағанда, бақытты.
Егер сіз Джоан Роулингтің «Гарри Поттерін» оқып, «Жұлдыздар шайқасын», «Аватар» сынды фильмдерді қараған болсаңыз, дәл осы құрылым бойынша жазылғанын түсінесіз. Құрылымнан бөлек, мұндай туындылардың тақырыбы мен көтеріп отырған мәселесі бір: адам өмірі. Әр адам – жеке тұлға. Бірақ, бәрімізге ортақ адами аспектілер бар.
Бір сәт ойланып көріңізші, бұл оқиғалар неге бір құрылыммен жазылған? Өйткені, кез келген оқиға өзіміз туралы. Бұл құрылым сіз бен біздің өмірімізді сипаттайды. Нақтырақ айтсақ, біз қалайтын өмірді бейнелейді.
Өз қорқынышыңызды жеңсеңіз, сіз «Гарри Поттерден», «Темір адамнан», «Өрмекші адамнан» мың есе асып түсесіз. Өйткені, сіз – шынайы әлемнің кейіпкерісіз.