Disney/Pixar студияларының қазақ тілінде шығатын "Батыл жүрек" ("Храбрая сердцем", "Brave") жаңа анимациялық туындысында отандық әнші Мақпал Исабекова екі әнді орындады деп хабарлайды Kinostan.kz. 21 маусымда Қазақстан көрермендеріне ұсынылатын бұл мультфильм "Болашақ" ассоциациясының, "Алтын Қыран" қорының және "Меломан" компанияларының қолдауымен дубляждалды.
"Көліктер 2" анимациялық фильмі сияқты "Батыл жүрек" те ағылшын тілінен тікелей аударылды. Дубляж жұмысында аударма дыбысының кейіпкерлердің ауыз қимылдарымен де сәйкес келуі сияқты қиындықтар болады. Сөйлемдердің ұзындығы мен түпнұсқадағы интонация мен әзілдер жойылмай әрі қазақ тілінде де оригиналды шығуын қамтамасыз ету үшін аудармашылар көп жұмыс жасаған.
Бұл жолы "Батыл жүректің" аудармашылары тек диалогтарды аударумен тоқтап қалмай, фильмге екі ән де жазып шыққан екен. Әлбетте, бұл ретте де ерін қимылдары мен музыка ырғағы сәйкес келуі керек. Бұл да өз тарапынан күрделі әрі ауыр жұмыс.
Осыған орай басты кейіпкер орындайтын екі әнді аудару жұмысына Қазақстанның мәдениет қайраткері, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты, композитор Арман Дүйсенов шақырылды.
Фильмдегі басты кейіпкер Мериданың әнін қазақстандық танымал әнші Мақпал Исабекова орындап шықты.
"Батыл жүрек" жобасына дубляж режиссері болып, телевидениеде 15 жылдық тәжірибесі бар Айжан Жамшитова тағайындалған. Былтырғы жылы ол "Көліктер 2" жобасын басқарып, кинопрокат саласындағы алғашқы жұмысын атқарған еді. Кейіпкерлерді Іңқәр Әбдіраш, Төлеубек Аралбай, Айжан Дәулетбақова, Азамат Қанапия, Болат Әбділманов сынды актерлер дыбыстаған.
Дубляж жұмыстары Алматыда Cinema Tone Production студиясында 2012 жылғы 1-12 мамыр аралығында өтті. "Көліктер 2" секілді "Батыл жүрек" те халықаралық ауқымдағы жоба, оған АҚШ-тан, Ұлыбританиядан, Ресейден және Қазақстаннан мамандар тартылды. "Алтын Қыран" қоры бас демеуші болды. Фильмнің қазақша нұсқасының бюджеті - 19 миллион теңге.
"Батыл жүрек" Қазақстанның кинотеатрларында 21 маусымнан бастап қазақ және орыс тілдерінде көрсетіледі.
Сурет: bolashak.kz
Дайындаған: Анар Мұстафина