Кеше, яғни, 12 тамыз күні "Мен кіммін" фильмінің жабық көрсетілімі өтті, - деп хабарлайды Massaget.kz сайтының тілшісі.
Бұл фильмнің 1998 жылы түсірілген Джеки Чанның фильміне де, 2010 жылы шыққан Клим Шипенконың киносына да қатысы жоқ. Баран бо Одар режиссерлік етіп, Янтйе Фризе сценарийін жазған немістің су жаңа фильмі.
Сюжет бас кейіпкер Бенджамин Энгельдің монологымен басталады: "Егер өмірді басынан бастайтын мүмкіндік болса, бәрін басқаша істеп, ешкімге елеусіз күйімде қалар едім. Өкінішке орай, ол мүмкін болмады. Мен әлемдегі ең тапшы хакермін. Мен кіммін? Менің есімім - Бенджамин. Бұл менің қысқаша тарихым..."
Сеанс аяқталған соң, кино залындағы көрермендер түгел орнынан тұрып, шаттанған шыраймен ду қол шапалақ соқты. Белгісіз, танылмаған әртістер ойнаған фильм 102 минут ішінде қалың қауымның жүрегін жаулап, ықыласына ие болуының себебі неде? Режиссер мен сценаристің әр минут сайын шиеленістіріп, қызықтырып беретін күрделі сюжеті мен ерекше стилінде.
Бенджамин өмірінде әкесінің түрін де көрмегенін, сегіз жасында анасынан айырылып, әжесінің тәрбиесінде өскенін, он төрт жыл бойы компьютерде отырғанын айта бастағанда драма жанрындағы фильм бе деп қаласыз. Ол өрмекші адам да, супермэн де, бэтмен де ата-анасыз болғанын тілге тиек етіп, өзінің де керемет кейіпкерге айналғысы келетінін білдіреді. Ал оның көзге көрінбейтін ерекше қабілеті болған.
Қасиетін іште тұншықтырмай, басқаларға жәрдемін тигізгісі келеді. Бірақ ол тек виртуалдық өмірде ғана ең керемет күшке ие еді де, шынайы өмірде өзіне сенімсіз, тұнжыраған түрінен талай "таяқ жеді". Бір күні өзінің мектепте жақсы көрген қызын кезіктіріп қалады. Ол жігітке қалжыңдап, емтихан сұрақтарын алып беруін сұрайды. Жігіт өзін көрсетудің сәті туғанын сезіп, университеттің сервистік жүйесін талқандап, сұрақтарды ұрлау үстінде ұсталып қалады. Бұл қылмысы үшін 50 күн көше тазалау жазасы бұйырылады. "Әр істің бір қайыры бар". Жазасын өтеп жүргенде өзіне үш қайнаса сорпасы қосылмайтын дос табады. Екеуіне ортақ нәрсе — тек компьютерлік бағдарламаларды бұзу. Бенджамидің жаңа досы Макс "Көз жасың ештеңеге көмектеспейді" деп, оны өзінің екі жолдасымен таныстырып, төртеуі бірлесіп үлкен іске кіріседі. Осы тұста ғылыми фантастикалық жанрдың куәсі боласыз.
Орта жолда достары Бенджамиге "сен — бізсіз ешкім де емессің" деп сенімсіздік танытады. Жолдастарының күдігі кесірінен бас кейіпкеріміз істі насырға шаптырып алып, барлығы бірдей зиян шегеді. Осы тұста достардың қолдауы өмірде қандай маңызға ие екеніне көз жеткізе отырып, фильміміз психологиялық триллер жанрына ойысқанын байқаймыз. Хакерлер туралы фильм болған соң "экшн жанрындағы фильм" деуге де толық қақымыз бар.
Әр түрлі жанрды бір арнаға тоғыстыра отырып, оқиғаларды бір-біріне қиыстырып, қабыстырып бере білген тұлғалардың жұмысына бас имеске шарамыз жоқ. Жалықтырмайтын триллер қоғамның қатып қалған қағидасын теріске шығарып, әлемде жоғары техниканың бәрінен биік тұратынын және оны тек орнымен қолдану керектігін дәлелдейді. Адам логикасын жетілдіруге бағытталған фильм деп бағалауға болады.
Ең алғашында төрт шақпақ қантты неге көрсетті? Шынтуайтқа келгенде, олар төртеу ме, біреу ме? "Әркім өзі қалағанын көреді. Хакерлер — көз бояушылар секілді, екеуі де адамдарды алдайды. Фокус — құпиясын ашсаң, фокус болудан қалады..."
Фильм 13 тамызда, яғни бүгін кинотеатрларға жол тартады.