29 тамыз күні Meloman компаниясы ұйымдастыруымен Алматы қаласы «Bekmambetov Cinema» кинотеатрында «Бәрі де ерлер жайында» («Все о мужчинах») фильмінің арнайы көрсетілімі өтті,- деп хабарлайды Massaget.kz сайтының тілшісі.
«Шашыңды басқа түске боясаң да байқамай қалады, оның үстіне "өте жақсы жарасып тұр" деп, өтірік алдай салады. Олар – ерлер».
«Таңертең оянғанда оны өте жақсы көресің. Содан соң ол бірнеше уақыт бойы хабарласпайды... Одан айнып қаласың. Кейін қайта хабарласқан кезінде... ендігі басқаны сүйесің. Олар – еркектер».
«Олар сегізінші наурызға не сыйлайтынын болжап болмайсыз. Себебі мереке екені енді есіне түскен кезінде, түнгі сағат он бірде дүкенде не сатылатынына қиялыңыз да жетпейді. Олар – еркектер».
«Олар біздің өміріміздегі күн секілді. Шектен тыс шапағын шашса, құтылуға асығамыз. Бетін бұлт басқан сайын не нұры азайған сайын әр сәулесін зарыға аңсаймыз. Олар – еркектер».
«Жігітің мейрамханаға алып барғанын қаласаң, кез келген күні біздің бас қосқанымызға бәлен уақыт болды деп айтуға болады. Себебі олар бәрібір атаулы күнді есінде сақтамайды. Олар – еркектер».
Нәзік жандылар осылай қысқа қағытпа қалжыңмен ерлерді сипаттауымен креативті түрде басталатын комедия фильм соңына дейін көрерменін күлдіруді тоқтатпады.
«Нәзік емес жандылар» барлығы «ер» деген жүгі ауыр атты арқалап жүргенімен, бәрі бірдей бұл атауға лайық болу-болмауын әр түрлі ер адам типінде көрсететін бұл фильм режиссерлері: Михаил Жерневский, Леонид Марголин. Ресей елінен шыққан фильмде Дмитрий Нагиев, Анна Хилькевич, Игорь Верник, Сергей Белоголовцев, Грант Тохатян, Владимир Епифанцев, Екатерина Скулкина, Елена Борщева, Виктор Степанян, Ян Цапник атты актерлер басты рөлдерді сомдайды.
Қырық жастағы еркек пен жиырма жастағы қыз арасында махаббат бола ма?
Ерлер әйелін дегеніне көндіру жолында қандай қадамдарға барады?
Әкесі өз қолымен дайындаған аджика мен баласы жұлдыз болуы арасында қандай байланыс бар?
Күйеу баласы мен қайын атасы әзілі жарасуы үшін ортақ қызығушылық болуы қаншалықты маңызды?
Осы сұрақтардың барлығына күзді күлдірумен бастайтын фильмнің жауабы дайын. Кез келген клиентіне қатыстырып ертегі құрастыратын таксист жігітке кезіккен еркектердің басынан өткен әртүрлі жайлар бір фильм желісінде тоғысады, құрылысы өте жақсы ойластырылған. Сценариін Сарик Андреасян, Леонид Марголин, Дмитрий Преснецов, Ярослав Лукашевич, Артем Ефимов бірлесе жазған.
1 қыркүйектен бастап еліміздің барлық кинотеатрынан көрсетілетін «Бәрі де ерлер жайында» атты комедияны көрген де арманда, көрмеген де арманда.