"Балкон" - шынайы пейілге толы фильм

1988 жылы режиссер Қалықбек Салықов Олжас Сүйлеменовтың шығармасының желісімен «Балкон» фильмін түсірген болатын. Бүкілодақтық тұсау кесері 1989 жылдың сәуір айында өткен еді.

«Балкон» - 50 жылдардағы Алматының бір ауласының кейіпкерлері туралы көркем фильм. Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдар. Басты кейіпкер Айдар ата-анасынан ерте айырылған, әпкесі Жаннамен бірге тұрады. Жаннаның жолдасы соғыстан оралмаған.


Сұлтанов Айдар – ауланың бетке ұстар қарапайым бозбаласы. Сабағын аса құлшыныспен оқымаса да, үздік оқушылардың қатарынан көрінеді. Өзінің игі істерімен өзгелерге үлгі болатын жан. Тіпті,  жанындағы жолдастарымен ренжісіп қалғанда, ол үлкен дау тудырмай, сабырлық танытатын. Оның байсалдылығын құрмет тұтатын достары өз қателіктерін мойындайтын. Айдар болса, өз кезегінде достарына кешіріммен қарап, татуласатын.


Айдардың әпкесі Жанна жолдасын іздеп, күн сайын маршал Жуковтан көмек сұрап хат жазады. Әпкесінің бұл әрекеттерін қисынсыз деп таныған Айдар оған Монтгомериге хат жазу туралы кеңес береді. Айдардың пайымдауынша, Монтгомери Жаннаның жолдасын Германияда кездестіруі мүмкін. Алайда, бұл хат тасушы пошта қызметкердің мүлкіне айналып, «халық жауының» балалары баспанадан айырылуға шақ қалады.

Көрермен қауымға фильмнің атауы бірден түсініксіз болуы мүмкін. Алайда, фильмнің «Балкон» деп аталуында бір гәп бар. Фильмнің кейіпкерлері өз заманына әрқилы қарайды. Аула тұрғындарының өмірге деген көзқарастары әр түрлі. Фильмге Исмаил Игильманов, Юрий Горошевский, Карина Зибагуль, Валентин Никулин, Анатолий Равикович, Владимир Толоконников, Ирина Ажмухамедова, Райхан Айткожанова, Ольга Сошникова, Валентин Черных, Антанас Сургайлис сынды кино және театр актерлері түскен.


1990 жылы Мәскеуде өткен Бүкілодақтық «Дебют» кинофестивалінде арнайы жүлдеге ие болды. Дәл сол жылы Түрікмен астанасы Ашхабад қаласында өткен Орта Азия елдері мен Қазақстан Республикасы кинофестивалінде «Фестивальдің үздік фильмі» аталымында жеңімпаз болып танылып, дипломмен марапатталды.


Түсірілім жұмыстары Алматы қаласында, кейбір сәттері Шымкент қаласында жүргізілді. Атақты балкон орналасқан ғимарат қазіргі Бөгенбай батыр мен Наурызбай батыр көшелерінің қиылысында орналасқан.

«Балкон» - шынайы пейілге толы фильм. Бұл туынды адам баласын ұлт пен ұлысқа, дін мен тілге, жыныс пен жұмысқа бөлмей, барлығына ортақ қарауға, үлкен мейірімділік танытуға жетелейді. Алғаш көрген жан фильм астарына зер салып, мәнін тереңірек түсінуі қажет.

Суреттер: alatoday.info, ct.kz