- Негізгі бет
- Кино
- Бала тәрбиесі туралы...
Бала тәрбиесі туралы қызықты фильмдер
Баланы тәрбиелеу – қиын да күрделі процесс. Келеңсіздіктер туған жағдайда мәселені сырттай бақылаған пайдасын тигізеді. Тәрбие мәселесіндегі қателіктеріңізді түсініп, оны түзетуге көмектесетін фильмдер ұсынамыз.
"Балалар" («Пацаны»). Бұл фильм бірнеше жасөспірімнің өмірін суреттеуге құрылған. Басты кейіпкерлер қазіргі заманда мейірімді боп өмір сүру оңай емес екенін түсінген. Әсіресе өзің бала кезден мейірім мен махаббатқа шөліркеп өскен болсаң, тіпті қиын. Олар көше заңдарымен жүріп, жай ғана тірі қалу үшін ұрлықпен айналысуға әдеттенген. Әлсіздік танытуға болмайды. Бірақ психологиясы бәрінен де қиын, ызалы балалардың өзі өмірін өзгертіп, басқа адамға айнала алады. Оған балалар лагерінің басшысы Павел Васильевич көмектеседі. Ол жасөспірімдерді махаббатына бөлеп, қоршаған ортасын сыйлауға үйретеді, әлем олар ойлағандай нашар емес екенін көрсетеді.
"Матильда". Бұл фильм кейіпкері Матильда – дара туған, ерекше дарынды, данышпан қыз. Бойында адам таңғаларлық қасиеттері бар. Көп таңбалы сандарды ойша есептей береді, заттарды ойша қозғалтады, басқа да қызықты әрекеттер істейді. Бірақ отбасы мүшелері оған көңіл бөле алмайды. Анасы үй шаруасында, күні-түні теледидар қараудан қолы тимейді, әкесі жұмыстан бір босамайды, ал ағасы үнемі оны қағып-соғып, ренжітуді ғана біледі. Кейіпкердің қабілеті мектепке барған кезінде ғана танылады. Мейірімді директор Хани ханым Матильданы қарауына алады. Бір күні Агата Транчбол деген жаңа директор келіп, мектепті түрмеге айналдырады. Ал Матильда қайтсе де мейірімді директор Хани ханымды қайтаруды ойлайды.
"Жердегі жұлдыздар" («Звёздочки на земле»). Шашылып, аударылып-төңкеріліп жатқан заттардың ортасында өмір сүретін жеті жасар бала Ишан Авасти туралы фильм. Ол ерте жастан басқа балалардан айрықша боп өседі. Басқалары оңайлықпен үйренетін нәрселерді игеру оған аса қиынға соғады. Бұл баланы айналасындағы адамдар, тіпті өз ата-анасы да түсінбейді. Мектепке бару алдындағы үш емтиханды да сәтсіз тапсырады, ал оны ата-анасы жай ғана бала мектепке барғысы келмегендіктен дұрыс тапсырмайды деп ойлайды. Оған жаза ретінде интернатқа жібереді, бұл жерде одан ары қиналып, жалғызсырап, жапа шегеді. Ишанның жанын түсінген жалғыз жан – сурет пәнінің мұғалімі Рам Никум. Ол баланың ең жақын досына айналып, өмір арнасын жарқын жаққа бұрады.
"Ержүректер" («Отважные»). Бұл фильм ата-аналарға, әсіресе әкелерге қызықты болады. Басты кейіпкерлері – қаладағы тыныштық пен қауіпсіздікке жауап беретін батыл полицей қызметкерлері. Бірақ жұмысқа жегілген құқық қорғау ұйымының қызметерлері өз отбасында қандай келеңсіздіктер болуы мүмкін екенін аңғармайды. Барлық кейіпкерге ең қиынға соққаны – әкелік міндетті атқару. Төрт полицей тек жұмыста ғана емес, жеке өмірде де жақын дос болады. Оның бірі жас әрі отбасында туатын мәселелермен бұрын кездесе қоймаған еді. Үш досы кеңестерімен бөлісіп, оған жақсы әке, үлгілі отағасы болуға көмектеседі.
"Өлі ақындар қоғамы" («Общество мёртвых поэтов»). Оқиға аса қатаң тәртіппен жүретін консервативтік америкалық колледжден басталады. Мұнда тек ер балалар білім алады, оларды тек негізгі ғылымдармен емес, сөйлеу және тәртіп өнерінен де сусындатады. Бір күні колледжге жаңа мұғалім – Джон Китинг келеді. Ол ерекше тәсілдерімен, жеңіл әдістерімен басқа педагогтардан аса айрықша еді. Мұндай тәсілге үйренбеген шәкірттер бастапқыда тосырқай қарап, қабылдай алмайды. Ал Джон балаларды "Өлі ақындар қоғамы" ұйымына қабылдап, оларға тек поэзияны емес, толыққанды өмір сүруге үйретеді. Сызылған шекаралар мен шектеулерді бұзып шығып, қоршаған әлемге өзгеше көзқараспен қарауға дағдыландырады.
"Мен – Сэммін" («Я – Сэм»). Картинаның бас кейіпкері – Сэм Доусон. Қырық жасында оның ақыл-ойы жеті жасар баланың миымен бірдей болады, бұл жағдай оны көп қиындыққа душар етеді. Дегенмен даяшылық жұмысқа орналасып, өмірі бір қалыпқа түскендей болады. Бір күні ол бір сәттік қызығушылықтан өзінің әке болғанын естиді. Перзенті Люсиге деген кіршіксіз махаббаты оянып, оны жақсы етіп тәрбиелейді де. Алайда әлеуметтік қызметкерлер басқаша түсініп, Доусоннан қызын тартып алады. Сэм баласын қайтару мақсатында қорғаушы жалдайды. Рита Харрисон істі қолға алып, ата-ана болудың оңай емес екенін де түсінеді. Ал Сэм қызын қайтарып ала ма, жоқ па оны өздеріңіз көріп біліңіздер.
"Асланның сабақтары" («Уроки гармоний»). Медициналық тексеру кезінде 13 жасар Асланды сыныптастарының алдында кемсітеді. Бұл оқиға оның іште бүгулі жатқан мінез-құлықтарының өршуіне алып келеді. Өзіне деген сенімсіздіктің салдарынан тазалық пен кемел болуға ұмтылады, төңірегіндегінің барлығын бақылауда ұстауға тырысады. Аслан қазақ ауылында әжесімен бірге тұрады, оның компульсивтілігі ақырында күрделі жағдайларға алып келеді...
@. @assel_assanova