- Негізгі бет
- Кино
- Baikonyr фестивалі: Қырғыз...
Baikonyr фестивалі: Қырғыз киносының көрсетілімі
Алдағы III Baikonyr Short Film Festival фестивалінде байқаудан тыс бағдарлама аясында қырғыз киносының кеші өтеді. Көрсетілім 20 қыркүйек күні басталады.
Baikonyr SFF қатысушылары мен қонақтарына Қырғызстан режиссерлерінің 5 қысқаметражды фильмі ұсынылады. Барлық картиналар халықаралық кинофестивальдердің қатысушылары мен жүлдегерлері атанған. Кеш бағдарламасын белгілі кинотанушы, киносыншы, FIPRESCI мен NETPAC мүшесі Гүлбара Толомушова жасаған.
Сонымен тізімге көз жүгіртетін болсақ, бағдарламаға енген туындылар қатарында режиссер Асқар Нұрақунулуның "Киноман" (2017) аталатын дебюттік фильмі бар. Таспа сюжеті кинозалға жасырын түрде кіргісі келген балақай жайлы баяндайды. Бірақ оның барлық әрекеті сәтсіз болады. Оған есіктің сыртынан шығып жатқан дыбысқа ғана қанағаттануға тура келеді.
Фильм ТМД елдері жастар киносы "Үміт" Форумының Бас жүлдесін, Кайсеридегі (Түркия) фестивальден алған "Қазылар алқасының арнайы жүлдесін" және "Достастық" киномектебінің (Грузия) қысқаметражды фильмдер байқауында бірінші орын иеленген. Сондай-ақ, картина Германиядағы Халықаралық Mo&Friese балалар фильмдері кинофестивалінің байқау бағдарламасына және Швециядағы BUFF Malmö International Film Festival кинофестиваліне іріктеліп алынған.
Тізімде Чолпонай Борубаеваның 2018 жылы жарыққа шыққан "Омур" ("Өмір") аталатын картинасы да бар. Таспа шалғайдағы ауылда тұратын, өзінің жерлеу рәсімін ұйымдастырған егде әйел жайлы баяндайды. Фильм негізіне Алай ауылында расында да тұрған Нават есімді жалғызбасты әйелдің шынайы хикаясы арқау болған.
Картина Грузиядағы "Достастық" киномектебінің қысқаметражды фильмдер байқауына, сондай-ақ "Еуразия-2018" ХКФ байқауына қатысты.
Келесі Ақжол Бекболотовтың сонау 2007 жылы ұсынылған "Бізде бәрі жақсы" қысқа метражы. Сюжетте қаңғыбас-жетім Шералы мен алқаш ата-анасының үйден қашып кеткен Қиялбектің өмірі баяндалады.
Фильм Тегерандағы (Иран) XIII жас режиссерлар фестивалінде Азия-Тынық мұхиты аймағынан шыққан үздік жұмыс деп танылды, ал 2009 жылы ТМД елдері жастар киносы "Үміт" Форумында Бас жүлдеге ие болды. Сонымен қатар, таспа Дрезден (Германия) мен Дубайдағы (БАӘ) халықаралық кинофестивальдердің байқау бағдарламаларында таныстырылды.
"Оймоқ" – Қасиет Қубанычбекқызының 2017 жылғы деректі картинасы. Таспада бүркітші Аманның хикаясы баяндалады. Ол бір күні жаралы бүркітті тауып алады да, үйіне апарып емдейді. Бірақ, Аманның үйінде өзі бастап өсірген Оймоқ есімді бүркіті бар болатын. Жаңа келген қонақтан иесін қызғанған бүркіт жартастарға ұшып кетеді. Аман қанатты досын іздеуге аттанады.
Таспа қоржынында "Ақ Ілбіріс – 2018" жүлдесінің "Үздік деректі фильм" сыйлығы және ТМД, Балтия және Грузия елдерінің "Қырғызстан – қысқаметражды фильмдер елі" VII ХКФ ұлттық байқауында алған "Үздік фильм" номинациясындағы жеңісі бар.
"Таш - Құмыр" – Евгений Чистяковтың 2017 жылы жарыққа шыққан қысқаметражды жұмысы. Оқиға кейіпкерлері – тастанды қала Таш-Құмырда шахтада жұмыс істеп, нан табатын екі жасөспірім. Балалар армандарына қол жеткізетіндеріне әлі де сенімді.
Фильм VII "Қырғызстан – қысқаметражды фильмдер елі" фестивалінде "Үздік режиссура" және "Үздік дыбыстық әрлеу" номинацияларын жеңіп алған.
Baikonyr Short Film Festival фильмдерінің көрсетілімдері бір уақытта екі қалада – Алматыда Kinoplex Saryarka кинотеатрында және Астанада Kinopark 8 IMAX Saryarka кинотеатрында өтеді.
А. Оралқызы