- Негізгі бет
- Кино
- Азамат Сатыбалды "Бір...
Азамат Сатыбалды "Бір сен үшін" мелодрамасын түсіруде
М.Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театр актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты А.Сатыбалды мен актриса З.Карменова "Бір сен үшін" мелодрамасына түсуде. Жоба авторы және продюсері – Азамат Сатыбалды.
"Мәңгілік маxаббатты мадақтайтын "Бір сен үшін" деген мелодрама түсірілімін бастадық. Бұл - менің алғашқы авторлық туындым. Барша әріптестеріме сәттілік тілеймін", - дейді актер.
Сценарий авторы – Елена Лисасина. Ол қалың көпшілікке танымал "16 қыз" фильмінің сценарийін жазған болатын. Ал режиссері М.Әуезов театрының фотографы – Ардақ Төлеубай.
Бұған дейін А.Сатыбалды мен З.Карменова Ж.Ерғалиевтің "Қас қағым" трагедиясы мен А.Володиннің "Қоштасқым келмейді..." драмасында серіктес болды. Ол туралы З.Карменова "Қоштасқым келмейді..." драмасына дайындық үстінде берген сұхбатында: "бұл спектакльде сүйгенім Митя ролін Азамат Сатыбалды ойнайды. «Қас қағым» спектаклінде бір-бірімізді жақсы түсінген әріптесіммен тағы сахналас болатыныма қуаныштымын" деген болатын.
Сонымен қатар аталған мелодрамадан Асқардың әкесінің бейнесінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Оразхан Кенебаевты көре аласыздар. Театр сахнасында қос ғашықтың рөлін сәтті ойнап шыққан әріптестер бүгінде телеэкранда кездессе, туынды шын мәнінде "мәңгілік махаббатты жырлайтын" кинокартина боларына сеніміміз кәміл!
Ж. Жұмағұлов