Әйел жаны нәзіктікті қалайды, таңғажайыпқа толы әлемнің есігін қиялмен ашсам дейді. Олар махаббатты бағалайды әрі болмысы ерекше сезімталдықпен үйлесе отырып, әйел жаратылысының сұлбасын жасайды. Олар тіпті фильмді де асқан шеберлікпен таңдай алады. Кез келген фильм оларға ұнай қоюы мүмкін емес. Терең мағынасы бар, әйел нәзіктігі мен батылдығын қатар көрсете білетін фильмдер оларға ұнауы тиіс. Ендеше назарларыңызға әйелдерге арналған фильмдердің ТОП-5 тізімін ұсынамыз: 1. Келешек туралы естелік (ВОСПОМИНАНИЯ О БУДУЩЕМ) Тағдыры мен арманын соғыс талқандаған буынның қилы тағдырын бейнелейтін фильмде көзіңізге жас алмай қоймайсыз. Басты кейіпкер Вера Бриттен жазушы болуды армандайды және ата-анасының қарсылығына қарамастан Оксфорд колледжіне оқуға түседі. Бірақ, сол мезетте Бірінші Дүниежүзілік соғыс басталады да, інісі Эдвард, сүйіктісі Роланд және достары майдан алаңына аттанады. Оларға жақын болу үшін, Вера өз еркімен медбике болуға шешім қабылдайды. Жыл: 2014 Ел: Ұлыбритания Жанр: драма, әскери, биография, тарихи Рөлдерде: Алисия Викандер, Кит Харингтон, Тэрон Эджертон, Колин Морган, Эмили Уотсон 2. Менің жалғызым (МОЙ ЕДИНСТВЕННЫЙ) Әйел адамның данышпандығы, аналық сезім, отбасылық құндылықтар туралы әсерлі фильм. Бұл фильм америкалық актер Джордж Хэмилтонның естелігіне негізделіп түсірілген. Жыл: 2009 Ел: АҚШ Жанр: комедия, драма Рөлдерде: Рене Зеллвегер, Ник Стал, Стивен Уэбер 3. Өтем (ИСКУПЛЕНИЕ) Бағбанның ұлы Робби белгілі саясаткердің қызына ғашық болады. Сесилияның оған сезімі болса да, олардың арасына түсіп, махаббаттарына кедергі болған жандар бар еді. Олардың бірі 13 жастағы сіңілісі Брайони. Ғашықтарды айырып қана қоймай, жігітке жала жауып, қауіпті қылмыскер ретінде халыққа көрсетеді. Кейін өмір бойы сол қателігіне бола бармағын тістеп, өзін кінәлаумен өткізеді. Жыл: 2007 Ел: Ұлыбритания, Франция, АҚШ Жанр: драма, мелодрама, детектив, әскери Рөлдерде: Джеймс МакЭвой, Кира Найтли, Сирша Ронан 4. Моно Лизаның күлкісі (УЛЫБКА МОНЫ ЛИЗЫ) Жас мұғалім Кэтрин белді әрі жекеменшік қыздар колледжіне жұмысқа орналасады. Сабақ барысында жас тәрбиеленушілеріне қыз бала тек үй шаруасымен айналысатын адам ғана емес, тағдыры мен барар бағытын өзі таңдауға құқығы бар адам екенін түсіндіруге тырысады. Жыл: 2003Ел: АҚШЖанр: драмаРөлдерде: Джулия Робертс, Кирстен Данст, Джулия Стайлз, Мэгги Джилленхол, Джиннифер Гудвин 5. Өгей шеше (МАЧЕХА) Ана мен өгей шешенің арасындағы қарым-қатынас туралы әсерлі фильм. Джеки өзінің күйеуінің екінші жарынан балаларын қызғанып, олардың жақын дос болуына кедергі келтіруге тырысады. Бірақ, кейін өзінің айықпас дертке шалдыққанын біледі. Демек, оның балалары бәрібір өгей шешемен өмір сүруі тиіс. Джеки енді не істемек? Жыл: 1998 Ел: АҚШ Жанр: драма, комедия Рөлдерде: Джулия Робертс, Сьюзен Сарандон, Эд Харрис, Джена Мэлоун, Лиам Эйкен