- Негізгі бет
- Кино
- Әйел суперагент керек...
Әйел суперагент керек пе?
Аты аңызға айналған 007 агент туралы мерейтойлық 25-ші фильмінде басты рөлді Дэниел Крейг сомдайтын болған. Бондиананың Ұлыбританиядағы премьерасы 2019 жылдың 8 қарашасында өтетіні де анықталып қойған. Десе де, оның басқа елдердегі премьералары және толық актерлік құрамы құпия сақталып келген еді.
Осыған дейін жарияланған ақпарат бойынша, фильм сценарийін "Рояль казиносы", "Мейірімділік кванты", "Скайфолл координаты", "Спектр" фильмдерінің сюжетімен жұмыс істеген Нил Первис пен Роберт Уэйд жазатын болды.
Естеріңізде болса, шілде айының басында фильм продюсері Барбара Брокколи 007 агенттің рөлін не әйел адам, не қара нәсілді актер сомдайтынын айтқан еді. Енді осы мәселеге қатысты түрлі пікірлер пайда болып жатыр.
Соған орай пікір білдіргендер арасында осыған дейін Бонд рөлін 4 мәрте сомдаған Дэниел Крейгтің жұбайы Рейчел Вайс та бар. Ол: "Әйел суперагенттің қажеті жоқ. Нәзік жандыларға классикалық ер адам рөлдеріне түсуге тырысуды қою керек. Одан, сол деңгейге дейін жете алатындай әйел кейіпкер ойлап тапқан әлдеқайда дұрыс," - деген пікір білдірді.
Идеяны талқылауға көшкен өнер сүйер қауымға Брокколи ханым: "Бұл фильмдер әрқашан өзі түсірілген заманның болмысын береді. Сол себепті, біз қатып қалған қағида ұстанбаймыз", - деді.
Продюсер бұл аңыз кейіпкерді қай актриса сомдауы мүмкін екенін анық айтпаса да, көпшілік Джиллиан Андерсонның еншісіне тиеді деген сенімде. Әрине, леди-Бонд атануға қай актриса да қарсы болмасы анық.
А. Оралқызы