- Негізгі бет
- Кино
- Авторлық 5 сериал...
Авторлық 5 сериал
Соңғы онжылдық теледидар тарихының алтын ғасыры саналады. Өйткені, атақты режиссерлер сериалдың тек пилоттық нұсқасымен шектеліп қалмай, бірнеше маусым түсіруді әдетке айналдырдырды Бүгін барлық бөлімін бір ғана адам түсірген 5 сериалды атаймыз.
True Detective / Нағыз тыңшы / Настоящий детектив (2014)
Режиссері: Кэри Фукунага
Сериалдың алғашқы маусымы 17 жылға жалғасқан тергеу жұмысына арналады. Бас кейіпкер Раст Коул – полиция қызметкері. Қызының қазасынан кейін оның өмірге деген көзқарасы толықтай өзгереді. Әр бөлімі жұмбаққа толы әрі шытырман оқиғалары көрерменді еріксіз баурап алатын сериалмен жұмыс істеген Кэри Фукунаға тек бір маусыммен ғана шектелді. Себебі, продюсер Ник Пиццолатто мен Кэридің арасында түсініспеушіліктер болған. Пиццолатто бір ғана дубльмен түсірілген 6 минуттық сахнаға қарсы болған. Кейінгі маусымдарда өзге режиссер еңбек еткенімен, алғашқы маусым халықтың есінде көбірек қалды.
The Young Pope / Жас Папа / Молодой Папа (2016)
Режиссері: Паоло Соррентино
Рим Папасы ретінде таңдалған Ленни Белардоның әрбір әрекеті қоғамда қалыптасқан дін қызметкерінің болмысына қайшы келеді. Ол шылым шегеді, дөрекі сөйлейді. Оның әр әркетін ойланбастан жасайды. Дегенмен, сериал бүлікшілер туралы емес. Бұл образдың артында өзін-өзі іздеу оқиғасы жатыр. Режиссер Ленни арқылы ішкі үйлесім мен мәңгілік ізгілікті адам діни кітаптан не дін ордасынан емес, өзінен іздеуі керек дегенді жеткізгісі келгендей.
The Knick / Никербокер ауруханасы / Больница Никербокер (2014)
Режиссері: Стивен Содерберг
Стивен Содербергтің медициналық драмасындағы оқиға XX ғасырдың басында Нью-Йорк қаласында болған. Оқиға аурухана қызметкерлерінің арасында өрбиді. Медицина әлі дами қоймағандықтан, фильмдегі кей сахналар өте қорқынышты көрінеді. Әсіресе, ота жасау сәтін көрген кезде айырмашылықтың жер мен көктей екенін ұғасыз. Аурухана қызметкерінің бір ғана әрекеті оның нағыз данышпан екенін не жолы болмаған маман екенінен хабар береді.
Twin Peaks / Егіз шың / Твин Пикс (2017)
Режиссері: Дэвид Линч
Твин Пикстің алғашқы екі маусымында Дэвид Линч режиссер орындығын бірнеше әріптестерімен бөліссе, үшінші маусымды ол толықтай өз қолына алады. Түсірілім жұмысының есебі бойынша сериал 18 бөлімнен тұрды. Нәтижесінде сериал драмадан құтылып, жеткізер ойы шашыраңқы әрі "шикі" болып шықты. "Твин Пикстің" әлеміндегі әр оқиға белгілі бір қисынға бағынып өрбиді. Бірақ, Линчтің келуі біраз нәрсені өзгертті. Жұмбақ нәрселер көбейді, ал көрермен жақсылық пен жамандық арасындағы күрестің қашан аяқталатынын күтумен жүр. Бұл сұрақтың жауабын тек режиссер ғана біледі.
Chernobyl / Чернобыль (2019)
Режиссері Крейг Мейзин
"Чернобыль" сериалында кеңес дәуірінің кез келген бөлшегі анық көрсетілгендіктен, кейде тіпті бұл сериалдың шетелде түсірілгеніне күмәнмен қарай бастайсыз. Бес сағат бойына авторлар КСРО дәуірінің тұрмыстық жағдайын бүкпесіз суреттейді, тіпті, баланың кішкентай жамылғысы мен үйдегі электрсанауышқа дейін мән береді. Бұл апатты суреттеуде тек тұрмыстық жағдай ғана емес сол уақыттағы жекелеу саясатының қаншалықты лаң тудыратыны да назарға алынады.
Қай сериалды көрдіңіз және қай режиссердің жұмысын үздік деп санайсыз? Пікір қалдыруды ұмытпаңыз.
Т. Есқали