Режиссер Әділхан Ержановтың "Атбай шайқасы" фильмі 25 шілде мен 2 тамыз аралығында өтетін XXIII Шанхай халықаралық кинофестивалінде көрсетіледі. Бұл туралы фестивальдің ұйымдастыру комитеті хабарлады.
"Атбай шайқасы" фильмі Шанхай кинофестивалінде Shanghai International Film Festival (SIIF) Highligts – Viva La Festival санаты бойынша таңдап алынды.
Фестивальді бастапқыда 2020 жылдың 13-22 маусымы аралығында өткізу жоспарланған, алайда COVID-19 пандемиясына байланысты ұйымдастырушылар бұл шараны кейінге қалдырды.
Қытай мегаполисінің тұрғындары мен қонақтары "Атбай шайқасы" фильмін 25 шілде, 1 және 2 тамыз күндері Шанхай қаласының үш кинотеатрынан тамашалай алады.
Фильмнің аннотациясында баяндалғандай, бұл картина жеңімпаздары анықталып қойған ММА аралас жекпе-жек турниріне қатысуға шешім қабылдаған көше бұзақысы Атбай жайында. Бірақ Атбай жеңуге бел буады. Өйткені оған бұл жеңіс жаңа өмірді бастауға, үлкен спортқа оралып, сүйікті әйелін қайтаруға мүмкіндік береді.
Шанхай халықаралық кинофестивалі – халықаралық кинопродюсерлер қауымдастығы федерациясының аккредитінен өткен Қытайдың ірі кинофестивалі. Оның бас жүлдесі – "Алтын кубок".
1993 жылы қазан айында мұнда тұңғыш рет 33 елдің 167 фильмі көрсетілген. 2018 жылы 21-кинофестивальде 108 елдің 3447 фильмі көпшілік назарына ұсынылды.