Атақты "Өткен жылдың жазында Мариенбадта" фильмі реставрацияланады

Атақты "Өткен жылдың жазында Мариенбадта" фильмі реставрацияланады
Фото: vk.com

Атақты "Өткен жылдың жазында Мариенбадта" фильмінің реставрацияланатыны белгілі болды. Оны жүзеге асыруға Chanel сән үйі көмек қолын созбақ. Өйткені, картинадағы басты кейіпкердің киімдерін көзі тірісінде Коко Шанель өз қолымен тіккен екен.

Режиссер Ален Рененің туындысы 1961 жылы жарыққа шыққан. Оның айрықша сценарийін Ален Роб-Грийе жазған. 1963 жылы фильм BAFTA марапатына, ал Роб-Грийе сценарий үшін "Оскар" сыйлығына ұсынылды. 

Картинада басты рөлді актриса Дельфин Сейриг ойнаған. Оның кейіпкері сән әлемінің аса беделді тұлғасы Коко Шанель тіккен әдемі көйлектерді алма кезек ауыстырып киеді. Кейіпкер гардеробы күнделікті өмірге ыңғайлы әрі 1920 жылдардағы Голливуд жұлдыздары стилінен де кем түспейтін ерекші фьюжн киім үлгілерінен құралған.


Кино сыншылар фильмнің шиеленіскен сюжетін түсіну оңайға түспейтінін айтады. Негізгі кейіпкерге ер адам өткен жазда Мариенбадта танысқанын айтып, оған деген ереше ықыласын білдіргісі келсе, оқиға қыздың есіне түспей қояды. Әңгімелеу барысында бірнеше мәрте флешбэк қолдану оны қабылдауды қиындата түседі. Сол себепті, көрермен шындық пен өтірікті ажырата алмайды.

Жаңартылған жұмыс тамыздың аяғында Венеция кинофестивалінде көрсетіледі. Естеріңізге сала кетейік, фильм 1961 жылы дәл осы өнер туындылары шеруінде "Алтын арыстан" марапатын иеленген болатын.

А. Оралқызы