Миллиондаған көрерменнің жүрегін жаулап, кино әлемінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған атақты қытайлық актер Джеки Чан бүгін алпыс бір жасқа аяқ басты. Осы қуанышты сіздермен бөлісе отыра, "алып" актер жайлы қысқаша дерекнама беруді жөн көрдік.
Джеки Чан — әлемдік деңгейде боевик жанрында түсірілген көптеген киноның қаһарманы. Ол өзгелерден өзінің комедиялық дарынымен, ұрыс өнерімен дараланады. Жүздеген фильмнің басты кейіпкерін сомдап, әлемге әйгілі азиялық әртіс атанған. Әртістік қабілетінен бөлек, әншілік қырымен де танылған Джеки нағыз сегіз қырлы, бір сырлының өзі. 1980 жылдан бастап, бүгінге дейін 20-ға жуық ән-жинағы шығарылған. Және де көптеген киносындағы негізгі әндерді өзі орындайды. Ендеше, бәріміз бірге мына сұраққа жауап іздеп көрейік: Джеки Чанды танымал қылған кім, осы атаққа қалай ие болды?
Джеки Чан 1954 сәуір айының 7-і күні кедей отбасында дүниеге келген. Ата-анасы жай ғана кедей емес, бала асырамақ түгілі, өз қолдары өздеріне әрең жетіп жүргендіктен, жаңа туған Чанды дәрігерге сатып жіберуге де аз қалған екен.
Дегенмен, біраз уақыттан кейін олар Аустралияның АҚШ елшілігінде аспазшы болып, қызметке тұрады. Джеки алты жасқа келгенде, ата-анасы Гонконгтегі Пекин Опера мектебіне оқуға береді. Аталған мектеп сол кездегі Гонконгтің беделді мектептерінің бірі еді. Мұнда оқушыларға актерлік шеберлікпен қатар, ән айту, акробатика өнері, би және ұрыс өнерін үйреткен. Джеки осы мектептің қабырғасында алған білімі мен тәрбиесі бүгінге дейін өмірлік азық болып келе жатқанын алға тартады. Оған қоса, үлкен өнердің бастауы болған кунг-фуды да осы жерден үйренген екен. Өзінің қарымы мен дарының арқасында 8-10 жасынан-ақ көпшілік көріністерде (массовка) ойнаған. Бірақ, балалық шағында "үлкен мұрын" атанған Джекидің болашақта "үлкен азамат" болатынын ешкім де аңғармаған еді.
Ал 1971 жылы мектепті тәмамдаған соң, кино әлеміндегі өз мансабын каскадер болып бастайды. Кунг-фу, акробатика өнерін "бес саусақтай" игерген әрі ерекше әртістік қабілетке ие Джеки тез танылады.
Ол алғаш "Қыран көлеңкесіндегі жылан" (түпнұсқасы: "Snake in the Eagle's Shadow", орысшасы: "Змея в тени орла"), "Мас шебер" (түпнұсқасы: "Drunken Master", орысшасы: "Пьяный мастер") сынды фильмдерге түскен екен. Осыдан кейін, Гонконгте қаламақысы қымбат әртіс ретінде танылған. Өзін-өзі дамылсыз дамытуының арқасында, сценарий жазып, режиссерлік қабілетімен көзге түседі. Оны басқалардан бөлектеп тұратын тағы бір нәрсе: фильмдеріндегі трюктарды ешкімнің көмегінсіз өзі сомдайды.
Талантымен Азияны бағындырған Джеки енді Америкаға барып, жаңа белестерді бағындыруды армандаған. Америкаға бара сала, бәрі ойдағыдай болған жоқ. Көптеген қиыншылыққа тап болған. Тек Америкадағы мансабы 1995 жылы түсірілген "Бронкстегі дүрсіл" (түпнұсқасы: "Rumble in the Bronx", орысшасы: "Разборка в Бронксе") атты фильмінен кейін көтерілген.
Джеки Чан әзіл-қалжыңымен көрермендеріне көңіл-күй сыйлап, қуантып келеді. Көрермендері оның жаңа фильмдерін үлкен-кіші болып асыға күтеді. Бойына біткен ерекше қабілеті мен талантының арқасында олардың жүрегін жол таба біледі. Тек көрермендердің ғана емес, мүмкіндігі шектеулі жандардың да жүрегіне үміт сыйлап, оларға үнемі қамқор болып жүреді. Ол туралы түрлі кітап жарық көрді. Сонымен қатар, Гонконгтегі Жұлдыздар даңғылында және Голливудтағы Жұлдыздар аллеясында Джеки Чанның жұлдызы бар. Таланты мен қабілетінің арқасында тарихта аты жазылған әртістің шығармашылығына әлем жұрты тәнті.
Сөз соңында айтарымыз, Джеки Чанды танымал қылып, атағын алты материкке жайған – тек қана өзі және өзінің күш-жігері мен темірдей төзімі.
Сондай-ақ, Джеки Чанды сағынған оқырмандарымызға актердің 1978-83 жылдар аралығында түсірілген фильмдерінің ішіндегі ең қызықты сәттерінен үзінді ұсынамыз.
Cурет: b.bimg.dk, naitimp3.ru, jackie-chan.ru, images.mstarz.com, superiorpics.com.